Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Беларусь пен Ресей қосылуы мүмкін деген жорамалды жоққа шығарды. Мәскеу мен Минск "бір бағытта емес, бір-біріне қарай бара жатыр" деп мәлімдеген ол.
Ресей президенті Владимир Путин мен Беларусь президенті Александр Лукашенко сенбі күні Мәскеуде келіссөздер өткізді. Кремльдің ресми сайтындағы қысқа ақпаратта кездесуде қандай мәселе қозғалғаны айтылмаған.
Путин мен Лукашенко мұның алдында 25 желтоқсанда Мәскеуде кездескен. Оған дейін екі тараптан да қатқылдау мәлімдемелер жасалған. Лукашенко Ресейдің Беларусьті өзіне бағындырғысы, "тіпті қосып алғысы келетінін" айыптаған. Ресей өкілдері "Минск сауда жеңілдіктерін қисынсыз пайдаланғысы келеді" деп айтқан.
13 желтоқсанда Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев Брест қаласында Ресей мен Беларусь одағы министрлер кеңесінде сөйлеген. Ол сөзінде Ресейдің Беларусьпен бірлесіп ақша шығаратын орталық, кеден қызметі, сот және есеп палатасын құруға әзір екені туралы мәлімдеген. Оның сөзінше, мұндай жағдайда екі мемлекет ортақ салық саясатын жүргізе алады. 14 желтоқсанда Лукашенко ресейлік журналистермен кездесуде өзі үшін "қасиетті" ұғымға айналған мемлекеттің егемендігінен айырылуына ешқашан жол бермейтіні туралы мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР