Қытай Айдың арғы бетіне аппарат қондырды
Қытай Айдың арғы бетіне ғарыш аппаратының сәтті қонғанын хабарлады. Бұған дейін Айдың қараңғы бөлігіне бірде-бір аппарат қонып көрмеген. Қытайдың мемлекеттік ақпарат құралдарының хабарлауынша, 3 қаңтарда "Чанъэ-4" роботы Астана уақытымен сағат 8:30-да Айдың арғы бетіндегі Эйткен - Оңтүстік Полюс бассейніне қонған. Алғашқы суретін де түсіріп, жіберіп үлгерген. Аппарат Айда геологиялық зерттеулермен қатар биологиялық тәжірибелер де жасайды. Қытай 2013 жылы да Айға "Чанъе-3" аппаратын жіберген. Алайда, техникалық қиындықтарға байланысты бір айдан соң істен шыққан. АҚШ, Үндістан, Жапония және Ресей де таяу жылдары Айды зерттейтін ғарыш аппараттарын ұшыруды жоспарлап отыр. АҚШ 1969-1972 жылдары Айға 12 аппарат қондырған. Зерттеу аппараттары Айдың қараңғы жағын суретке түсіргенімен, олардың бірде-бірі арғы бетіне қонбаған еді.
ПІКІРЛЕР