Accessibility links

АҚШ ресейлік адвокат Весельницкаяға жаңа айып тақты


Ресейлік адвокат Наталья Весельницкая.
Ресейлік адвокат Наталья Весельницкая.

Нью-Йорктің федералдық прокуратурасы ресейлік заңгер Наталья Весельницкаяны Prevezon Holding компаниясының 230 миллион долларын заңдастырмақ болған істі зерттеуге кедергі келтірді деп айыптады. Мұндай ақпарат АҚШ әділет министрлігінің ресми сайтында жарияланды.

Бұл іске ресейлік танымал бизнесменнің тікелей қатысы болған деп хабарланды. Бірақ әзірге оның аты-жөні аталмайды. Весельницкая - Prevezon Holding компаниясының адвокаты.

Ол 2016 жылы маусымда Нью-Йорктегі Трамп-Тауэр кеңсесінде АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамптың ұлы кіші Дональд Трамппен кездескен. Оған Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер мен сол кезде президенттікке кандидат Дональд Трамптың сайлауалды штабын басқарған Пол Манафорт та қатысқан.

Хабарламада АҚШ әділет министрлігінің Ресей билігінен тергеуге көмектесуін сұрағаны айтылады. Бірақ Мәскеу күдікке іліккен адамдарды ақтайтын жалған ақпарат жіберген. Ресей өз есебінде "ақшаны заңдастыруға Hermitage Capital қорының негізін қалаушы Уильям Браудердің қатысы бар" деп көрсеткен.

Айыптау құжатында Весельницкаяның АҚШ тергеу органдарына жауап дайындау үшін ресейлік жоғары лауазымды прокурорлармен құпия байланыс орнатқаны айтылған. Әділет министрлігі ол осылайша "сотты жаңылыстырып отыр" деп санайды.

2017 жылы мамырда Кипрде тіркелген Prevezon Holdings компаниясы Ресей қаржысын заңдастыру ісіне қатысты АҚШ-пен келісімге келген. Компания ол кезде "Ресей теміржолы" компаниясы вице-президентінің ұлы Денис Кацывтың иелігінде болған. Компания істі ақтау үшін АҚШ-қа алты миллион доллар айыппұл төлеуге келіскен. АҚШ билігі бұған жауап ретінде "Prevezon Holdings Ресейде ақша заңдастырмады" деп мәлімдеген.

Весельницкаяның өзі бұған дейін берген сұхбаттарында инвестор Уильям Браудерді жиі айыптаған. Бұл істі тергеу барысында заңгер Сергей Магнитский Мәскеу түрмесінде қаза болды. Сонымен бірге Весельницкая Браудердің "қылмысын ашатын" бірнеше фильм көрсеткен.

БАҚ-тың жазуынша, Наталья Весельницкая 2016 жылы Нью-Йорктегі кездесу кезінде Трамптың кеңесшілеріне өзінде Хиллари Клинтонды "әшкерелейтін материал" барын айтқан. Ал Кушнер бұл кездесуді "уақытты текке өткізу болды" деп атаған.

Трамптың ұлы кездесу туралы әкесінің бейхабар болғаны әрі Клинтонды әшкерелейтін ешқандай материал алмағаны туралы мәлімдеген.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG