Accessibility links

Прокурор Денис Тен өліміне күдіктілерге жаза сұрады


Спортшы Денис Теннің өліміне байланысты айып тағылғандар сот залында бет-әлпеттерін жаcырып отыр. Алматы, 25 желтоқсан 2018 жыл.
Спортшы Денис Теннің өліміне байланысты айып тағылғандар сот залында бет-әлпеттерін жаcырып отыр. Алматы, 25 желтоқсан 2018 жыл.

Алматыда спортшы Денис Теннің өлімі бойынша өтіп жатқан сот процесінде прокурор сотталушыларға түрме жазасын сұрады. Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында прокурор Қуандық Досов Денис Тенді өлтірді деген айып тағылған Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергеновті 20 жылға, ал "қылмысты хабарламаған" айыпкер Жанар Толыбаеваны 4 жылға соттауды сұрады. Прокурор сот процесі барысында сотталушылардың "айыбы толық дәлелденгенін" айтты.

Прокурор бұған қоса жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына Қиясов пен Құдайбергеновтің әрбірінен 30 айлық есептік көрсеткіш (немесе АЕК, бір айлық есептік көрсеткіш - 2525 теңге), Толыбаевадан - 20 АЕК өндіруді сұрады.

Бүгін сот отырысы басталғанда Денис Теннің анасы Оксана Тен сот барысында сөйлеген куәгерлер мен сотталушылардың жауаптары негізінде сот тергеуін қайта жүргізу туралы өтініш білдірді. Ол сотталушыларға тағылған айыпты Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлімінің 8-тармағымен ("пайдакүнемдік ниетпен, сол сияқты жалдау бойынша не қарақшылықпен немесе қорқытып алумен ұштасқан адам өлтіру") қайта дәрежелеуді сұрады. Прокурор Оксана Теннің бұл туралы өтінішін бұған дейін сот қанағаттандырмағанын айтып, бүгінгі өтінішіне қарсылық білдірді. Денис Теннің адвокаты Нұрлан Өстеміров сотталушы Жанар Толыбаеваға "адам өлтіру" бабы бойынша айып тағылу керегін айтты.

Денис Теннің өлімі бойынша негізгі сот процесі 3 қаңтарда басталған.

24 жастағы Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергенов "қарақшылық" және "кісі өлімі" баптары бойынша айыпталып отыр. 23 жастағы Жанар Толыбаеваға "қылмысты хабарламады" деген айып тағылған. Құдайбергенов пен Толыбаева 11 қаңтарда өткен сот отырысында өздеріне тағылған айыппен келіспейтіндерін мәлімдеп, соттан айыпты өзгертуді сұраған. 14 қаңтардағы сот отырысында Нұралы Қиясов "кінәмді толық мойындаймын, бірақ біз кісі өлтіреміз деп алдын ала жоспарлаған емеспіз" деп мәлімдеген.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен былтыр 19 шілдеде Алматыда пышақтан алған ауыр жарақаттан ауруханада қайтыс болған. Қала орталығында көшеде тұрған автокөлігінің айнасын ұрлаған адамдарды тоқтатпақ болған спортшыны әлдекімдер пышақтап кеткен.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG