Ұлыбритания парламентінің қауымдар палатасы сәрсенбіде премьер-министр Тереза Мэйге сенімсіздік білдіру мәселесін дауысқа салды. 306 депутат үкімет басшысына сенімсіздік танытып, 325 депутат министрлер кабинетін таратуға қарсы дауыс берді.
Премьерге сенімсіздік білдіру туралы бастаманы 15 қаңтарда парламент Мэй ұсынған Ұлыбританияның Еуропа одағынан (ЕО) шығуы (Brexit) жөніндегі келісім жобасын мақұлдаудан бас тартқаннан кейін оппозициялық Лейбористік партия жетекшісі Джереми Корбин көтерген. Брюссельмен келісім жобасына 432 депутат қарсы дауыс беріп, 202 депутат қолдаған.
17 қаңтарда Тереза Мэй парламенттегі фракция жетекшілерімен ЕО-дан шығудың балама жоспарын талқылайды. 21 қаңтарда Brexit туралы жаңа стратегия дауысқа салынуы мүмкін.
Брюссельмен бұған дейін жасалған уағдаластық бойынша, Ұлыбритания ЕО-дан 2019 жылдың 29 наурызында шығып кетуі керек. ЕО елдері Brexit туралы келісім жобасын былтыр қарашада мақұлдап қойған.
Тереза Мэй ұсынған Brexit туралы келісімде Ұлыбритания ЕО-дан шыққаннан кейін одақпен тығыз байланысын сақтап қалатыны, тіпті кейбір мәселелер бойынша одақ ережелері мен талаптарын орындайтыны көрсетілген.
Құжатты сынайтындар келісім шарттары бойынша Ұлыбритания "бағынышты" мемлекетке айналады, себебі ол ЕО құрамында болмаса да, одақтың бірқатар ережелеріне бағынуы тиіс болады деп санайды. Егер Brexit туралы келісім жасалмаса, онда Ұлыбритания Еуропа одағынан ешқандай келісімсіз шығуы мүмкін.
ПІКІРЛЕР