Ауғанстанда "Талибан" қозғалысының содырлары Майдан Вардак уәлаятындағы әскери жаттығу лагеріне шабуыл жасап, кем дегенде 12 адам қаза тапты. Уәлаят денсаулық сақтау департаментінің басшысы Салем Асхерхайдың хабарлауынша, 21 қаңтарда жасалған шабуылдан қаза тапқандардың көбі - әскерилер.
Жанкешті әскери базада көлігін жарып, артынша "Талибанның" үш содыры кешенде ауған қауіпсіздік күштерімен атысқан. Атыста шабуыл жасағандардың көзі жойылған. Сол күні "Талибан" өкілдері Катарда АҚШ-тың Ауғанстандағы бітім бойынша арнайы өкілі Залмай Халилзадпен кездесіп жатқан.
"Талибанның" ресми өкілі Забиулла Муджахилд шабуылды қозғалыс мүшелері жасағанын мәлімдеді. БАҚ-тың Ауғанстан қорғаныс министрлігінің жоғары шенді өкіліне сілтеме жасап хабарлауынша, шабуылдан 126 адам қаза тапқан. Бірақ бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.
"Талибан" қозғалысы Ауғанстанда 1996-2001 жылдары билік құрған. 2001 жылы оны халықаралық коалиция әскері биліктен тайдырғанымен, түпкілікті күйрете алмады. Ауғанстандағы жағдай соңғы жылдары шиеленісіп кеткен. Елде радикалды исламшылдар жиі теракт жасайды.
BBC-дің зерттеуінше, "Талибан" Ауғанстанның 70 пайызында белсенді әрекет етеді. Қозғалыс өкілдері АҚШ пен НАТО Ауғанстаннан шықса елдегі билікті қайта қолына алатынына сенімді. Ауғанстанның заңды билігі мен АҚШ сол себепті "Талибан" өкілдерін бейбіт келіссөзге қосуға дайын.
2018 жылы қазанда Мәскеуде кездесуде тәліптер делегациясының басшысы мохаммад аббас Станакзай "Талибан" бейбітшілік туралы АҚШ-пен ғана келіссөз жүргізетінін мәлімдеген. Қозғалыс Ауғанстаннан халықаралық коалиция күштерін шығаруды талап етеді және іс басындағы үкіметті заңды билік деп санамайды.
ПІКІРЛЕР