Accessibility links

ЕО ақпанда Ресейге жаңа санкция салуды талқылайды


Керчь бұғазында Ресей шекарашылары ұстаған Украина әскери кемелері. Желтоқсан 2018 жыл.
Керчь бұғазында Ресей шекарашылары ұстаған Украина әскери кемелері. Желтоқсан 2018 жыл.

Еуропа одағы елдерінің сыртқы істер министрлері ақпан айында Ресейге Қара теңізде Украинаның әскери кемелері мен теңізшілерін тұтқындауына және Керчь бұғазындағы жағдайға байланысты жаңа санкция салу жайын талқылайды. Бұл туралы Reuters агенттігі өзінің дипломатиялық дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.

Агенттік мәліметінше, әдетте Мәскеуге деген ұстанымы қатаң Польша, Ұлыбритания және Балтық бойы елдеріне енді Дания мен Словакия да қосылған. Германия мен Франция бұған дейін Мәскеуді украин теңізшілерін босатуға көндіруге болады деп, жаңа санкция салуға қарсы шыққан. Алайда, Reuters дереккөзінің мәліметінше, Мәскеу соты украиналық ұсталған 24 теңізшіні сәуірге дейін қамауға алған соң бұл елдер ұстанымын өзгертуі ықтимал.

Санкция салу туралы шешімді барлық ел бірауыздан қолдауы тиіс. Еуропа одағы (ЕО) елдерінің Ресейге қатысты ұстанымы әр түрлі болғандықтан, дереккөздер Ресейге салынған экономикалық санкция қатаңдатылмайды,тек санкция тізіміне украин кемелері мен теңізшілерін ұстауға тікелей қатысы барлар ғана енгізілуі мүмкін деп болжайды.

Осы аптаның басында Еуропа одағы санкция тізіміне Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия Скрипальді улауға қатысы бар делінген Ресейдің төрт азаматын енгізген.

Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясы таяуда Ресейді қамаудағы украин теңізшілері мен кемелерін босатуға және Азов теңізі мен Керчь бұғазында кемелердің еркін жүруіне жол ашуға шақыратын қарар қабылдаған. Құжатта Керчь бұғазы арқылы Қырым көпірін салу заңсыз деп аталған.

25 қарашада Ресей шекарашылары Керчь бұғазы арқылы Мариупольге бармақ болған Украинаның үш кемесін ұстаған. Ресей билігі кемелер Ресейдің Қырым жағалауындағы аумағына заңсыз кірмек болды деп санайды. Киев болса Ресей мен Украина арасында 2003 жылы жасалған келісім бойынша украин кемелерінің Қара теңіздің Ресейге тиесілі аумағында жүруіне болатынын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG