АҚШ егер Венесуэла президенті Николас Мадуроға бағынатын күштер елдегі америкалық дипломаттарға немесе өзін уақытша президентпін деп жариялаған парламент спикері Хуан Гуайдоға қатер төндіретін болса, "қатаң жауап беретінін" ескертті. Бұл жайында АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джон Болтон Twitter-де жазды. Ол сонымен қатар Кубаның Мадуроның қарулы жақтастарына қолдау көрсетіп отырғанын да айтты. АҚШ Мадуроны Венесуэланың заңды президенті деп танудан бас тартып, Хуан Гуайдоны елдің заңды басшысы деп мойындаған.
Николас Мадуро 27 қаңтарда бұған дейін америкалық дипломаттарға қойған елден кету туралы талабынан бас тартпайтынын мәлімдеген. Гуайдо 23 қаңтарда өткен митингіде өзін президентпін деп жариялаған. Ол Мадуро жеңіске жеткен сайлау заңды болмағандықтан, конституция бойынша президент болуға құқығым бар деп санайды. АҚШ пен Латын Америкасы елдерінің көбі Гуайдоны уақытша президент деп таныған. Еуропа одағы елдері Мадуро егер жедел түрде мерзімінен бұрын сайлау өтетінін жарияламаса Гуайдоны заңды президент деп танитынын мәлімдеген. Ресей, Түркия, Куба мен тағы бірнеше ел Мадуроны президент деп таниды.
Венесуэлада халық бірнеше күн көшеге шығып, билікке қарсылық акцияларын өткізіп келеді. Дегенмен, соңғы күндері акцияға қатысатындар саны айтырлықтай азайып қалған. Оппозиция алдағы күндері ауқымды қарсылық шерулерін өткізуді жоспарлап отыр. Соңғы күндері жүздеген белсенді ұсталғандықтан, Гуайдоның жақтастары билік өздерін қуғындауы мүмкін деп қауіптенеді.
Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 27 қаңтарда Ресей Венесуэлаға Мадуроны қорғауға жалдамалылар жібермегенін мәлімдеген. 25 қаңтарда Reuters агенттігі өз дереккөздеріне сілтеме жасап, Каракасқа жеке әскери компанияның сарбаздары жіберілгенін хабарлаған. Reuters бұл сарбаздар Кремльмен байланысы бар "Вагнер" жеке әскери компаниясының жасақтары болуы мүмкін екенін айтады. "Вагнер" жасақтары Сирия мен Украинадағы қақтығыстарға қатысқан.
Венесуэла армиясының қолбасшылары Мадуроға адал екенін мәлімдеген. Мадуро 27 қаңтарда әскери бөлімдердің біріне барған. Алайда, Венесуэланың АҚШ-тағы әскери атташесі Гуайдоны президент деп танитынын мәлімдеген.
Рим Папасы Франциск кеше Панамаға сапарында Венесуэладағы дағдарысты "әділ және бейбіт" түрде реттеуге шақырған.
ПІКІРЛЕР