Еуропаның адам құқығы жөніндегі соты "Ресей Грузияға 10 миллион еуро төлеуі керек" деген шешім шығарды. Оған сәйкес, Грузия билігі бұл қаражатты 2006 жылы Ресейден депортацияланған тұрғындарға бөліп беруі керек.
10 миллион еуро кемі мың жарым адамға бөлінуі тиіс. Оларға 2 мыңнан 15 мың еуро аралығында ақша тиеді. Сот Ресей Еуропа конвенциясының "ұжымдық депортация", "бас бостандығынан заңсыз айыру" және "қамауда қорлап ұстау" сынды үш бірдей бабын бұзған деп санайды.
2006 жылы Грузия "тыңшылықпен айналысты" деп Ресей барлау қызметінің төрт адамын ұстаған. Осыдан кейін Ресей "визасыз режим тәртібін бұзған" Грузия азаматтарын елден шығарған. Грузия әділет министрлігінің есебінше, сол уақытта шамамен бес мың адам депортацияланған. 2007 жылы Тбилиси осы мәселе бойынша Еуропаның адам құқығы жөніндегі сотына арызданған.
ПІКІРЛЕР