Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) Бішкек қаласындағы жылу электр станциясын (ЖЭС) модернизациялау кезіндегі жемқорлық туралы қылмыстық істі бас прокуратураға өткізді. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне қылмыстық іс бойынша негізгі айыпталушылардың бірі, Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Сапар Исаковтың адвокаты Нурбек Токтакунов хабарлады.
Оның сөзінше, бас прокуратура бес күннің ішінде айыптауды бекітіп, ондағы айып тағылған адамдардың аты-жөнін жариялауы тиіс. Бұдан соң іс сотқа тапсырылады. Сот іс материалдарын қабылдап алған соң он күннің ішінде алғашқы тыңдау өткізуі керек.
Бұған дейін адвокат Токтакунов 53 томнан тұратын қылмыстық іспен танысуға үлгермей жатқанын мәлімдеген еді.
ҰҚМК Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Сапар Исаковты Бішкектегі ЖЭС-ті модернизациялау ісі бойынша сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ұстаған. Кейін оған "президент аппараты жетекшісінің орынбасары болған кезде шетелдік компанияның мүддесін қорғады" деген айып тағылған. Өткен жылы 18 желтоқсанда бұлтартпау шарасын тағайындау туралы сотта сөйлеген сөзінде Исаков "саяси қуғын көріп жатырмын" деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР