Accessibility links

Наразы аналар билікке қойған талаптарын жеткізді


Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев наразы аналармен кездесуде сөйлеп тұр. Астана, 6 ақпан 2019 жыл
Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев наразы аналармен кездесуде сөйлеп тұр. Астана, 6 ақпан 2019 жыл

Астанада аналар жиналып, өздерінің билікке талаптарын қойды. Олармен кездесуге билік тарапынан Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев шықты.

Ақпанның 6-сы күнгі Астанада аналар жиылып, билікке қоятын талаптарын жария етті. Олар алдымен "Астана" концерт залында, кейін Астана қалалық әкімдігін жиналды. Жиын әуелде концерт залында кездесу түрінде басталған. Алайда жиналғандар билік өкілдеріне өз мәселелерін жеткізу үшін бірінен соң бірі сахнаға шығып, сөйледі.

Жиналған адамдар кезек-кезегімен өз талаптарын білдірген. Олардың кейбірі өздерін көп балалы ана ретінде таныстырған. Арасында өздерін "Алтын алқа", "Күміс алқа" иесі екенін айтқандар бар. Шығып сөйлегендердің кейбірі мүгедек балалары бар екенін айтқан.

Көп балалы аналардың мәселесі Астанада бес бала өрттен қаза тапқан оқиғадан кейін қозғалып отыр.

"Астана" концерт залына жиналған адамдар негізінен баспана жағдайы мен балаларға төленетін жәрдемақы мәселесін қозғаған."Бұл жердегі біздің барлығымызға ортақ мәселе – баспана. Әрқайсымыз бірнеше бала өсіріп отырған анамыз, бізге үй берілсін!" деді сөйлегендердің бірі.

Жиында аналардың бірі Шолпан Қырғызбайқызы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа аналардың атынан жазылған хатты оқыды. Онда биліктен Қазақстанда әрбір балаға мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір жолғы әлеуметтік көмек, бала кәмелет жасына жеткенше ең төменгі күнкөріс минимумы көлемінде, ал кішкентай баламен отырған анаға ең төменгі еңбекақы көлемінде жәрдемақы төленсін деген талаптар айтылған. Үш баласы бар отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуді, ал төрт және одан көп баласы бар отбасыларға тегін баспана беруді талап еткен.

Шолпан Қырғызбайқызы өздері қойған талаптардың жеті күн ішінде қарастырылуын сұраған. Жиынға келгендердің бірі өз талаптары орындалғанша ұдайы осылай жиналуы мүмкін екенін айтқан.

Шолпан Қырғызбайқызы (ортада) және Ермек Аманшаев. Астана. 6 ақпан, 2019 жыл
Шолпан Қырғызбайқызы (ортада) және Ермек Аманшаев. Астана. 6 ақпан, 2019 жыл

Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев жиналғандарды сабырға шақырып, сонда айтылған мәселелердің "заң жүзінде қарастырылатынын" айтып жауап берген.

Астана аналарының қойған талаптары

  • Бір жолға берілетін жөргекпұл мөлшерін бір мың айлық есептік көрсеткішке, яғни биылғы есеппен 2 млн 525 мың теңгеге жеткізу.
  • Әрбір балаға кәмелеттік жасқа толғанша ай сайын ең төменгі күнкөріс мөлшерінде, яғни биылғы есеппен 29 мың 698 теңге жәрдемақы төлеу.
  • Аналарға әрбір баласы үшін ең төменгі жалақы мөлшерінде, яғни биылғы есеппен 42 мың 500 теңге жалақы төлеу.
  • Үш балалы отбасыны баспана алу жеңілдігімен қамтамасыз ету. Төрт балалы және одан да көп баласы бар, мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырғандарға адам басына тиесілі шаршы метрдің халықаралық стандарттары ескеріліп, тегін баспана беру. Сол үшін арнайы тұрғын үй қорын жасау.
  • Бала 14 жасқа толғанша ана мен баланы тегін емдеу.
  • Еңбек кодексіне өзгерістер енгізіп, кәмелетке толмаған баласы бар ананы түнгі ауысымда жұмысқа шығаруғы тыйым салу.
  • Қоғамдық көлікте оқушылардың тегін қатынауын қамтамасыз ету. Бастауыш сынып оқушыларына күніне бір реттік тегін тамақ беруді қалпына келтіру.
  • Көп балалы отбасыдан шыққан балаларды жоғары оқу орындарында тегін оқыту. Бір мезгілде екі және одан да көп баласы қатар жоғары оқу орындарында оқытып жатқан отбасылар үшін оқу ақысына 50 пайыздық жеңілдік жасау.
  • Бір реттік науқан ретінде басында баспанасы жоқ, бірақ банктен несие алған аналардың бір мың айлық есептік көрсеткіші мөлшеріндегі несиесін кешіру.

Аналар талаптарының соңында өздері "осы шараларды жүзеге асыруы күмәнді" деп есептеген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың қызметтен кетуін талап еткен.

ВИДЕО: Аналар жиыны. 1 бөлім.

ВИДЕО: Аналар жиыны. 2 бөлім.

Алматыда да аналар өз мәселесін көтеріп қала әкімдігіне барған. Әкімдік ғимаратына келген бірнеше адамды шенеуніктер ішке кіргізгенімен журналистердің кіруіне рұқсат етпеген.

Азаттық тілшісінің оқиға орнынан хабарлауынша, шенеуніктер ішке кіргізіп алғандардың арасында бұған дейін Астанада бес баланың ажалына себеп болған жеке үйдегі өрттен кейін әлеуметтік желіде ана мен баланы қорғау туралы акция өткізу туралы бастама көтерген белсенділер де болған.

Аналар Шымкент қаласы әкімдігіне де барғанымен, әкімдік рұқсат етсе де ішке кірмей жарты сағаттай сыртта тұрып тарап кеткен. Мұнда қала әкімдігін полицейлер күзетіп тұр. Олардың арасында азаматтық киімде жүргендер де бар. Күзетіп тұрғандар әкімдік ғимаратына жақын келген қарапайым азаматтарды тексеріп, қандай мәселемен жүргенін сұрастырып жатыр. Әкімдік алдындағы Түркістан сарайы жанында бір топ қауіпсіздік күштері мінген автобус тұр. Полицейлердің айтуынша, әкімдік аумағында арнайы рейд жүргізіліп жатыр. Алайда бұл шараның қандай мақсатта жүргізіліп жатқаны айтылмайды

4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған. Қаза болған балалар 5 ақпанда жерленді. Жергілікті биліктің дерегінше, өрт балалардың ата-анасы жұмысқа кеткен кезде болған. Отбасы көпбалалы шаңырақ ретінде тіркеуде тұрған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG