Accessibility links

Әлсіз топтағы әйелдер көп бейнетке душар


Шымкенттегі дағдарыс орталығында отырған әйел. (Көрнекі сурет)
Шымкенттегі дағдарыс орталығында отырған әйел. (Көрнекі сурет)

Оңтүстік Қазақстан облысындағы үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік осал топтағы әйелдердің мәселесі күрделі екенін айтады. Мұны жергілікті билік те жоққа шығармайды.

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданында тұратын 50 жастағы Гүлжәзира Бекжанова (аты-жөні өзгертілді – ред. ) алты баланың анасы. Екі баласы туғаннан жарымжан – бірінің көзі нашар көреді, екіншісі сал ауруына шалдыққан.

Әлсіз топтағы әйелдердің бейнеті көп
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:13 0:00
Жүктеп алу

- 2006 жылы кенже балам туды. Алты айлығында ДЦП-ға (балалардың церебралды салауруына) шалдыққанын білдік. Күні-түні ұйқы көрмеген күндерім болды. Өз бетінше жүріп-тұра алмайтыны, дәретке отыруды білмеуі жанымды қинап барады, – дейді ол.

Жеті жыл науқас баласын бағып-қаққан ана тұрақты жұмысы болмағанын, ауылда әркімнің егінін түптеп ақша тапқанын айтады. Қазір ол кісі ауылдағы жекеменшік балабақшаның бірінде кір жуушы болып жұмыс істейді.

- 20 мың теңге айлық аламын. Соған да шүкір, қармаққа жармақ. Мектепті бітірген балаларым мемлекеттің грантымен жоғарғы оқу орындарында оқиды. Олар маған салмақ салмайды, – дейді Гүлжәзира Бекжанова.

«ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҒЫНАН ТӘУЕЛДІ»

Елде Гүлжәзира Бекжанова сияқты науқас балалы әйелдердің тұрмысы ауыр екенін «БҰҰ Әйелдер» бағдарламасының (БҰҰ-ның гендерлік теңдік және әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері жөніндегі құрылымы) үйлестірушісі Гүлнәр Смаилова да айтады. Ол Шымкентте «Әлеуметті осал топтағы әйелдерді жұмыспен қамту саласындағы, кәсіпкершілік және табыс көздеріндегі мүмкіндіктерін арттыруға ықпал ету» тақырыбында өткен жиында:

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

- Әлеуметтік осал топтағы әйелдер санатына жататындар – мүгедек немесе мүгедек баласы бар әйелдер, көпбалалы не жалғызілікті аналар, жесір әйелдер, зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдер, ВИЧ-пен өмір сүретін әйелдер, оралман, мигрант не ауылдық жерде тұратын жұмыссыз әйелдер. Бұл топтағы әйелдердің әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау маңызды, – деп мәлімдеді.

Гүлнәр Смаилова Оңтүстік Қазақстан облысында, әсіресе ауылдық жерлердегі жұмыссыз әйелдерге көмек керек екенін айтады.

- Қазақстанда әлеуметтік осал топтағы әйелдердің мәселесі күрделі. Мысалы, өткен жылғы зерттеу қорытындысы бойынша, елдегі әйелдердің 16 пайызы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны екені анықталды, – дейді «БҰҰ Әйелдер» бағдарламасының үйлестірушісі.

«БҰҰ Әйелдер» бағдарламасының үйлестірушіcі Гүлнәр Смаилова. Шымкент, 28 қыркүйек 2016 жыл.
«БҰҰ Әйелдер» бағдарламасының үйлестірушіcі Гүлнәр Смаилова. Шымкент, 28 қыркүйек 2016 жыл.

Жиынға келген «Сана-сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы» қоғамдық бірлестігінің (Шымкент) вице-президенті Шахноза Хасанованың дерегінше, 2016 жылдың сегіз айында олардан көмек сұраған 700-ден аса әйелдің көбі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдар болған.

- Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдердің барлығы дерлік – жұмыссыздар. Оңтүстік Қазақстан облысында көпбалалы аналар көп. Балаларын бағып-қағуды ойлайтын әйелдер кез келген мәселеге төзіммен қарайды. Өйткені олар экономикалық жағынан тәуелді, – дейді Шахноза Хасанова.

«ЖҰМЫСҚА ҚАБІЛЕТТІ ӘЙЕЛДЕРДІҢ 50 ПАЙЫЗЫ – ЖҰМЫССЫЗ»

Шымкенттегі «Балаларды СПИД-тен қорғау» қоғамдық қорының төрайымы Жанетта Жазықбаева әлеуметтік осал топтағы әйелдердің бір парасы – ВИЧ жұқтырған әйелдердің басты екі мәселесі бар екенін айтады.

Біріншісі – баспана жоқтық, екіншісі – жұмыссыздық.
Жанетта Жазықбаева

- Біріншісі – баспана жоқтық, екіншісі – жұмыссыздық. Мысалы, біздің қорға тіркелген 247 ата-ананың 50-ге жуығы ВИЧ-пен өмір сүреді. Олардың 15-і уақытша жұмыспен қамтылған. Қалғаны қара жұмыс істеп, немесе ВИЧ жұқтырған баласына мемлекеттен берілетін жәрдемақысына күн көріп жүр. Ауру баласына уақтылы дәрі-дәрмек беруі керек әйелдердің жұмыс іздеуге де, істеуге де мұршасы жоқ. Мемлекеттен берілетін жәрдемақыны пәтер ақысына төлеп, күнкөру де мүмкін емес, – дейді ол.

Жанетта Жазықбаева әсіресе ерінен ажырасқан, ауылдан қалаға келіп пәтер жалдап тұратын жалғызбасты аналардың халі қиын екенін айтады.

Уақытша паналау орнында телевизор көріп отырған әйелде. Қазақстан, 7 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Уақытша паналау орнында телевизор көріп отырған әйелде. Қазақстан, 7 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Аймақтағы әлеуметтік тұрғыда жағдайы қиын әйелдердің шешілмеген мәселелері көп екенін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Гүлмира Боранбаева да растайды.

- Әлеуметтік әлсіз топтағы әйелдердің ішінде мүгедек және мүгедек баласы бар әйелдердің, аз қамтылған отбасындағы әйелдердің мәселесі күрделілеу. Жалпы, аймақтағы жұмыс істеуге қабілетті әйелдердің 50 пайызы жұмыссыздар қатарында тұр, – дейді ол.

Гүлмира Боранбаеваның сөзінше, әлеуметтік жағдайы қиын осындай әйелдер отбасында қиын халге ұшыраса да, оны ашық айтуды жөн санамайды. Ол облыстағы әлеуметтік осал топтағы әйелдердің нақты саны қанша екенін айта алмады.

XS
SM
MD
LG