Accessibility links

Өзбекстан қауіпсіздік қызметінің экс-басшысын абақтыға қамаған


Ихтиёр Абдуллаев.
Ихтиёр Абдуллаев.

Өзбекстан мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы Ихтиёр Абдуллаев қызметінен босатылған күні жемқорлық қылмысына қатысы бар деген күдікпен ұсталған деп хабарлайды Азаттықтың Өзбек қызметі (Озодлик радиосы). Дереккөздерінің ақпараты бойынша, бір айға тұтқындалған Абдуллаев мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің тергеу абақтысына қамалған.

Ол билікті теріс мақсатқа пайдаланған, пара алған және пара берген деген күдікпен ұсталған деп хабарлайды Озодлик. Өзбек шенеуніктерінің бірінің айтуынша, бірнеше туысы мен мемлекеттік қауіпсіздік қызметкерлері ұсталып, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалғаннан кейін Абдуллаев қызметінен алынған.

Енді бір дереккөздері Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев өз отбасы мүшелерінің телефон әңгімелерін мемлекеттік қауіпсіздік қызметі тыңдап, оларға бақылау қойғанын білгеннен кейін Абдуллаев екеуінің арасынан ала мысық өткен дейді. 2 ақпанда Мирзияев құдасын (қызының қайын атасын) мемлекеттік қауіпсіздік қызметі басшысының бірінші орынбасары етіп тағайындаған болатын.

11 ақпанда 52 жастағы Ихтиёр Абдуллаевтың денсаулық жағдайына байланысты қызметінен босатылып, оның орнына осы кезге дейін қорғаныс министрі болған Абдусалом Азизов тағайындалғаны хабарланған еді. Ақпаратта Абдуллаевтың омыртқасына екі рет операция жасатқаннан кейін қызметінен кеткені айтылды. 2018 жылдың 31 қаңтарында мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің басшысы болып тағайындалғанға дейін Абдуллаев Өзбекстан бас прокуроры, парламенттің жоғарғы палатасының мүшесі болған.

Оқи отырыңыз: Қауіпсіздік қызметінің экс-басшысы "тергеліп жатыр"

Ақпанның басында жемқорлық айыбы тағылып, соты өтіп жатқан Өзбекстанның бұрынғы бас прокуроры Рашид Қадыровтың түрме ауруханасына түскені хабарланған. Таныстарының бірінің айтуынша, түрме камерасында онымен бірге отырған үш адам экс-прокурорға "қылмысын мойындатқызбақ" болған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG