Accessibility links

Билікке талап қойған аналар қысымға шағымданады


Көп балалы ана Күнсұлу Ысқақованың үйінің маңында тұрған полиция. Астана, 12 ақпан 2019 жыл.
Көп балалы ана Күнсұлу Ысқақованың үйінің маңында тұрған полиция. Астана, 12 ақпан 2019 жыл.

Билікке әлеуметтік жағдайларын жақсартып, баспанамен қамтамасыз ету талабын қойған астаналық көп балалы әйелдер өздеріне қысым жасалғанына шағымданады. Билік оны терістеп, тұрғындармен кездесіп жатқандарын айтады.

Ақпанның басында Астанада бес қыз баланың өмірін алған өрттен кейін ақпанның 6-сы күні "Астана" концерт залына көп балалы әйелдер жиналып, билікке әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың мәселелерін шешуді талап еткен еді. Олар билікке талаптарын орындауға бір апта уақыт берген, ал қала әкімдігі әйелдерді ақпанның 15-і күні кездесуге шақырған. Кейін Астанадағы жиында белсенділік танытқан Шолпан Қаленгереева мен Күнсұлу Ысқақованың үйіне полиция барғаны жайлы Facebook желісінде видео тараған еді.

Бұл ақпаратқа алаңдаған әйелдер мен қала тұрғындары ақпанның 9-ы күні "Астана" концерт залы ғимаратының маңына тағы да жиналып, әлеуметтік жағдайды жақсартуды сұраған белсенді аналарды қудаламауды талап еткен.

Ал Астана әкімдігі "полиция әлеуметтік жағдайы төмен отбасының санын нақтылау мақсатында тексеріс жүргізді" деп түсіндірді.

Алайда Азатыққа хабарласқан әйелдер өздеріне қатысты қысымның тоқтамай тұрғанын, баспана сұраған талаптарынан соң паналап отырған шағын жер үйлерінен де қуа бастағанын айтады.

"ВРЕМЯНКА" МЕН БАРАКТАҒЫ ӨМІР

33 жастағы Сәбира Есімханованың бес баласы бар. Ол – жалғыз басты ана. Балаларының үлкені – 11 жаста, кенжесі бір жасар.

Өзінің айтуынша, үй кезегіне 2012 жылы тұрғанымен, әзірге қозғалыс жоқ. Үй жалдауға қаражаты жетпей, "тентіреп далада қалған соң" туысы әуежай маңындағы "Пригородный" тұрғын үй массивіндегі "времянкасын" (уақытша баспаналарды халық осылай атайды – ред.) паналауға берген.

Сәбира Есімханова кішкентай қыздарымен "Пригородный" тұрғын үй масcивіндегі өзі тұратын уақытша баспанада отыр. Астана, 12 ақпан 2019 жыл.
Сәбира Есімханова кішкентай қыздарымен "Пригородный" тұрғын үй масcивіндегі өзі тұратын уақытша баспанада отыр. Астана, 12 ақпан 2019 жыл.

​Сәбира Есімханованың сөзінше, өзі аналар жиынына барған соң үйіне полиция мен Сарыарқа ауданы әкімдігінен адамдар келіп, "временяканы" босатуы тиіс екенін айтып кеткен.

- Мен бұл үйді жалдап тұрып жатқан жоқпын. Бұл жерде менен басқа тірі жан тұрмайды. Мен олардан (әкімдіктен – ред.) көмек сұрап жүрсем, тұрғын үй қорынан туысыма бес есептік айлық көрсеткіш (15 мың жарым теңге) көлемінде айыппұл салып, мені шығаруды тапсырып кетіпті. Учаскелік полиция келіп "сізді қадағалап отырамын, ақпанның 15-і күні ешқайда бармауыңыз керек" деп ескертіп кетті,- дейді ол.

Сәбира Есімханова паналап отырған қуықтай бір бөлменің ішінің салқындығы бірден сезіледі. Көктің иісі шығып тұр. Тек терезеден молынан төгілген күн сәулесі ғана үйге сәл рең бергендей болады. Балаларына отбасы жылуы мен жайын сездіргісі келгені болар, терезеге төгілдіре капрон перде іліп қойыпты. Баспанасы жоқтығынан хабарсыз кішкентай екі қыз бала дауысы әрең шығатын ескілеу телефоннан ағылшынша мультфильм көріп отыр. Үйде теледидар да жоқ.

- Осы 12 шаршы метрде балалар сабағын оқиды, жуынады, тамағын ішеді. Қатты қиналып кеттік. Еш жерге тіркеле де алмаймыз. Бес баламен ешкім тіркемейді. Өзім риэлтор болып табыс табуға тырысқандықтан жақсы білемін: үйін жалға беретіндердің бірінші талабы – "баласы болмасын" немесе "екеуден аспасын". 4 жастағы сәбиіме дейін қожайынның дүниесіне тиіспеу керектігін біліп өсіп келеді, - деп көзіне жас алды көп балалы ана.

Аналардың талабынан соң әкімдік Сәбира Есмаханованың үйіне бір қап картоп, бес литр май, күріш және аздаған көкөніс әкеліп берген. Ол әкімдік өкіліне үйде ауызсудың да жоқтығын, суды балалары 3-4 шақырым жерден таситынын айтып, жағдаймен танысуды өтінген.

- Ол (әкімдік өкілі – ред.) маған "оны көріп жүретін уақытым жоқ" деді. Мемлекет басында отырғандар мен халықтың арасы жер мен көктей. Олар халықтың жағдайын ойламайды, түсінбейді. "16 мың теңге жәрдемақы жетеді" дейді. Мен әр айдың бесінде тамақ аламын деп, 10 мың теңге жәрдемақымды күтіп жүремін. Киім туралы ойламаймын. Балаларым елдің әкеп беретін киімдерін киіп, өсіп келеді. Балаларымның әркімнің бетіне бір қарап, жаутаңдап өсіп келе жатқаны жаныма батады. Жастар жылы дейді. Жастарға ешқандай да жағдай жоқ,- дейді ол.

Астана қаласының шетіндегі "Пригродный" тұрғындары ауызсу алып жатыр. 12 ақпан 2019 жыл.
Астана қаласының шетіндегі "Пригродный" тұрғындары ауызсу алып жатыр. 12 ақпан 2019 жыл.

Сәбира Есімханова билік басындағыларды не логикасы жоқ, не математиканы білмейді деп сөкті. Ол президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әкімдермен, министрлермен өткізген жиынын да еске алды.

- Президент әкімдер мен министрлерден "бір бөлмелі пәтер қанша тұрады?" деп сұрады. Біреуі "үш миллион теңге" деді, енді біреуі "жеті миллион теңге" деді. Бұл ақшаға 20 шаршы метр де тимейді. Олар бір бөлмеге мұқтаж емес, сондықтан білмейді, - дейді Сәбира Есімханова.

Тағы бір көп балалы отбасы баспана мәселесін өздерінше шешкен. Төрт баланың анасы Айнұр Дүйсембиева "баспанасыз қаңғырып қалғандықтан" Астанадағы Абай мен Жұбанов көшелерінің қилысындағы сүрілуге берілген ескі баракты паналап жүргендерін айтады.

- Маған полиция өкілдері келіп, ақпанның 15-і күні ешқайда бармау туралы әлдебір қағазға қол қойдырып алды. Егер барсам жазаланатынымды айтты. Менің ескі барагымда тоқ есептегіш жоқ. Соны орнатуды әрі қараусыз болса да тұрып жатқан мына жерді заңдастырып беруді сұрап, Байқоңыр аудандық әкімдігіне барған едім. Мені тыңдаудың орнына қорқытып, дөрекілік көрсетті, - дейді ол.

"АЛҚАНЫ ЛОМБАРД АЛМАЙДЫ"

Ерлі-зайыпты Амандық және Серікгүл Хамза Қояндыдағы екі бөлмелі "времянканы" жеті баласымен он жылдан бері паналап келеді. Билік 31 жастағы Серікгүл Хамзаға күміс алқаны да, алтын алқаны да берген. Көп балалы жанұя отағасы 33 жастағы Амандық Хамзаның реті келгенде жалданып табатын 90 мың теңге табысына қарап отыр. Бұл табыс баспананы жалдау үшін және көмір мен отынның шығынына кететінін айтады.

- Маған берілген 16 мың теңгемен күн көріп отырмыз. Мына күміс алқаны алты балалы болғанда берген, ал мына алтын алқаны жетінші бала туғанда берді. Бірақ одан пайда жоқ. Өткенде ақша болмағанда [алқаны] өткізейік дегенбіз, ломбард та алмады, - дейді 31 жастағы Серікгүл Хамза.

Моңғолиядан ата-аналарымен жиырма жыл бұрын қоныс аударған отбасы мектептегі балаларына берілуі тиіс тегін тамаққа да әрең қол жеткізген. Оның себебін өздері тіркеуде қалада болғандықтан қиындық туындады деп түсіндіреді.

- Әкім көмірмен, азық -түлікпен көмектесеміз деп уәде берген, - дейді көп балалы ата-ана.

БИЛІК НЕ ДЕЙДІ?

Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Алмас Садубаев полиция органдарына үйлерді аралап, тұрғындардың ешқайда шықпауын бақылау туралы тапсырма берілмегенін, бұл жағдай туралы естімегенін айтты. Ол толық жауапты Астана қаласы әкімдігінен алуға кеңес берді.

Ал Азаттық тілшісі осы мақаланы дайындау барысында 6 және 9 ақпандағы көп балалы әйелдер жиынында сөз сөйлеген Күнсұлу Ысқақовамен әңгімелесуге барған. Сол кезде оның үйінің маңын полиция күзетіп тұрды. Ысқақованың күйеуі Азаттық тілшісіне әйелінің үйде жоқ екенін айтты.

Полиция Азаттық тілшісін Сарыарқа аудандық полиция басқарамасына апарғанда қылмыстық іздеу бөлімінің басшысы Данияр Әділов "Ысқақованың үйіне ұры түсуі мүмкін, сондықтан полиция күзетіп тұр" деген.

Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаеваның сөзінше, әкімдікке келген аналардың кейбірі қаладан тыс жерлерде тіркеуде тұрғандықтан олардың мекенжайын анықтау үшін полиция үйлерді аралаған.

- Біз 6-22 ақпан аралығында ашық есік апталығын өткізіп жатырмыз. Көп балалы аналар кез келген уақытта келе алады. Оларды аудан әкімдері қабылдап жатыр. 6 ақпаннан бері 500 шақты тұрмысы төмен отбасымен кездесіп, көмек берілді. Ешқандай қысым жоқ, егер біреуге қысым жасалса бірден хабарласуына болады. Балаларынан шыға алмайтындар үшін Telegram желісінде чат та ашып жатырмыз,- деп мәлімдеді ол.

Ақпанның 12-сі күні баспасөз мәслихатында ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин халыққа уақытша тұруға берілетін үйлерге тыйым салу туралы мәселені үкіметтің алдына қоятындарын айтқан еді. Оның сөзінше, уақытша баспаналарды қауіпсіздікті сақталмаған және оны салғандар да, жалға бергенде де, онда тұратындар да бірдей жауапты болуы тиіс. Ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар комитеті Азаттыққа бұл ұсыныс екенін, оның әлі жүзеге асырылмағанын айтты.

- Алдымен заң жобасы жасалады, оны депутаттар қарастырады. Бірақ мен "времянкада" тұрғандарға айыппұл салғандарын естімедім, - деді комитет өкілі.

ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПАКТІ ОРЫНДАП ОТЫР МА?

"Халықаралық құқықтық бастама" қорының президенті Айна Шорманбаеваның айтуынша, полицияның талап айтқан аналарды тексеруі – заңсыз және билік өз азаматтарын баспанамен қаматамсыз ету жөніндегі халықаралық құжаттағы міндетін орындамай отыр.

- Қазақстан өзі қол қойған "Экономикалық, әлеуметтік, мәдени құқықтары жөніндегі халықаралық пактіге" сай өз территориясында тұратын әр азаматын жеткілікті баспанаға қол жеткізу құқығымен қамтамасыз етуі керек. Қазақстан ақпанның соңында Женевада нақты осы құжаттың орындалуы туралы баяндама жасайды. Сонда не айтпақ? -дейді Айна Шорманбаева.

Құқық қорғаушы Қазақстанда табысы нашар отбасылардың дені уақытша баспанада тұратынын, ал ол жерге ешкімді тіркемейтінін айтады.

- Соған бола тіркеусіз әлеуметтік көмек ала алмай қиналады. Бұл ретте, ең алдымен, балалар зардап шегеді. Бұл – заңсыз. Жеткілікті баспана деген жай күрке емес. Онда барлық жағдай жасалуы тиіс. Ал оған қолы жетпей уақытша баспаналарда тұратындарды әлеуметтік көмектен шектеу де – заңсыз. Әлеуметтік көмек тіркеуге байланбауы керек. Қазақстан азаматы қай жерде тіркеуде тұрса да, әлеуметтік көмекті алуға құқығы бар, - дейді ол.

Айна Шорманбаева Астанадағы бес баланың өліміне әкелген қайғылы оқиғаны да мемлекеттің өз азаматтарын әлеуметтік, экономикалық құқықтарын шектеуінен туындады деп санайды.

4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған еді.​ Осы оқиғадан кейін көп балалы аналар наразылығы күшейген.

Ақпанның 6-сы күні Астанада жүздеген ана Астанада жиналып, биліктен жәрдемақы мен жөргекпұлды өсіруді, көп балалы отбасылардың балаларына тегін білім беруді, ана мен баланы тегін емдеуді, баспана алуды жеңілдетуді талап еткен. Кейін астаналық аналардың талабын басқа аймақтағы әйелдер де қолдаған.

"Астана" концерт залы маңына келген әйелдердің бірі. 9 ақпан 2019 жыл.
"Астана" концерт залы маңына келген әйелдердің бірі. 9 ақпан 2019 жыл.

Ақпанның 6-сы күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Халық тұрмысын жақсарту үшін үкіметте жұмыс тобы құрылған. Ақпанның 12-сі күні еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова​ жұмыс тобы аясында көп балалы аналарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі қаралатынын айтты. Осы күні Астана әкімі Бақыт Сұлтанов "аналардың әр арызы назардан тыс қалмайды" деген.

Видео: Көп балалы аналар наразылығының хроникасы.

Билікке наразы көп балалы аналар
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:47 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG