19 ақпанда Бішкекте Свердлов аудандық сотында жылу электр станциясын (ЖЭС) модернизациялау кезіндегі жемқорлық ісі бойынша сот процесі басталды. Алғашқы отырыс жабық өтті. Сотқа тек адвокаттар кірді.
Жемқорлық ісі бойынша елдің бұрынғы премьер-министрлері - Сапар Исаков пен Жанторо Сатыбалиев, бұрынғы энергетика министрі Осмонбек Артықбаев және энергетика компанияларының бес басшысы айыпталған.
Оларға Бішкек жылу электр станциясын жөндеу кезінде 111 миллион долларды ысырап етті деген айып тағылған.
ЖЭС-те жөндеу аяқталған соң бір ай өтпей жатып, яғни 2018 жылы қаңтарында станциядан ақау шыққан. Бішкек қаласының жартысы жылусыз қалған. Осы оқиғадан кейін тергеу басталған.
Прокурор Откурбек Жамшитовтың айтуынша, "шенеуніктер Қытайдан жылу электр станциясын модернизациялау үшін 386 миллион доллар несие алған. Бірақ Бішкек жылу электр станциясын салуға 275 миллион доллар қажет болған".
Исаков бастаған айыпталушылар тағылған айыпты мойындамайды.
ПІКІРЛЕР