Британдық Press Association (PA) ақпарат агенттігі қоршаған орта, азық-түлік және ауыл шаруашылығы министрлігі Солсберидегі 12 жерді "қауіпсіз" деп жариялайтыны туралы хабарлады. Агенттік британ армиясының генералы Тай Арчтың "Новичок" қазіргі таңдағы ең қауіпті әрі ең күрделі химиялық зат, болмашы мөлшерінің өзі тез сіңеді" деген сөзін келтірген.
Ресейдің бұрынғы әскери агенті Сергей Скрипальдің үйі Солсберидегі аса қауіпті заттың ізі қалған 12 жердің соңғысы. Әскерилер қалада 13 мың сағаттан артық тазалау жұмыстарын жүргізген.
Қаңтар айында үйдің шатыры мен гаражын бұзып, жойған. Улы зат қалдығынан тазалау жұмысын бақылаған генерал Арч бұл британ тарихындағы "ең ұзақ" операция болды дейді.
2018 жылы наурызда Солсбериде советтік "Новичок" уынан уланып қалған Сергей Скрипаль мен қызы Юлияны ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізген. Екеуі ұзақ уақыт емделіп аман қалды. Кейін маусым айында улы зат британдық екі азаматтың қолына түскен. Кездейсоқ тауып алған улы заттың әсерінен Дон Стерджесс ажал құшып, Чарли Роулидің денсаулығына зиян келді.
Ресей жүйкені зақымдайтын "Новичок" уын ресейлік жансыздар қолданған деген айыптауды бірнеше рет жоққа шығарған. Мәскеу мұны Ресейге қарсы байбаламды қоздыру мақсатымен әдейі ұйымдастырған деп британдық арнайы қызметті айыптаған.
"Екінші айыпталушы да ГРУ агенті" (9 қазан 2018 жыл)
Солсберидегі оқиғадан кейін Ұлыбритания Ресейдің 23 дипломатын ел аумағынан шығарып жіберді. Мәскеу бұған жауап ретінде сонша британ дипломатын еліне қайтарып, Ресейдің екінші үлкен қаласы Санкт-Петербургтегі Ұлыбритания консулдығы мен Ресейде жұмыс істеп жатқан Британ кеңесі (British Council) өкілдігін жабуды бұйырды.
АҚШ пен Еуропа Одағы да өз жерінен ресейлік дипломаттарды шығарып, Мәскеуге қарсы қосымша санкция енгізді.
Bellingcat зерттеу тобы Скрипальдарға жасалған қастандыққа күдіктілер - ресейлік барлау қызметкерлері деген тұжырым жасаған.
Солсберидегі шабуылды зерттеушілер Ұлыбританияға "Руслан Боширов", "Александр Петров" және "Сергей Федотов" деген адамдардың атына жазылған құжаттармен келген адамдардың шын аты-жөнін анықтағандарын хабарлаған. Bellingcat тобы мен Insider басылымының деректері бойынша, ол үш адам – Ресей әскери барлауының (ГРУ) полковнигі Анатолий Чепига ("Руслан Боширов"), әскери дәрігер әрі ГРУ қызметкері Александр Мишкин ("Александр Петров") және ГРУ-дың тағы бір қызметкері Денис Сергеев ("Сергей Федотов"). Зерттеушілер ақпаратында Денис Сергеевтің Қазақстан тумасы екені көрсетілген.
ПІКІРЛЕР