7 наурызда Ауғанстан астанасы Кабулда президенттікке үміткер мен оның бәсекелесінің сегіз оққағары зымыран шабуылынан жараланды. Шабуыл 1995 жылы "Талибан" содырлары қолынан мерт болған Ауғанстандағы шиит хазар азшылығының лидері Абдула Әли Мазариді еске алып жатқан жерге жасалған.
Мазариді еске алуға жиналғандар арасында ауған үкіметінің басшысы Абдулла Абдулла, сыртқы істер министрі Салахуддин Раббани мен елдің бұрынғы президенті Хамид Карзай және президенттікке кандидаттар – Ханиф Атмар, Латиф Педрам мен Мохаммад Мохакик болған.
Ауғанстанның Бадахшан уәлаятында тұратын этникалық тәжік, "Ауғанстан ұлттық конгресі" партиясының жетекшісі Латиф Педрам Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына шабуылдан "жеңіл жаралағанын" жазған. Президенттікке кандидат Ханиф Атмардың баспасөз қызметі оның сегіз оққағары зардап шеккенін хабарлады.
Президенттікке тағы бір үміткер әрі қазіргі үкімет басшысы, этникалық тәжік Абдулла Абдулла жапа шекпеген. Ауғанстан сыртқы істер министрлігі баспасөз хатшысы Нусрат Рахими Азаттыққа үкімет әскері шабуылға күдіктілер жасырынған Кабулдың солтүстік-шығыс бөлігіндегі ауданды қоршауға алғанын хабарлады.
ПІКІРЛЕР