Қазақ-қырғыз шекарасында бөгелген жүк көліктерінің саны екі есе азайды. Өткен аптада "Ақ-тілек" кеденінде Қазақстанға өтпек болған жүздеген жүк көлігі кезек күтіп қалған. Кезектің азайғаны туралы "Ақ-тілек" өткізу пунктінің (Қазақстанда бұл Қарасу кеден бекеті аталады) басшысы Азамат Анарбаевқа сілтеп, Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.
Бұдан бұрын Бішкек қырғыз-қазақ шекарасы штаттық режимде қайта жұмыс істей бастағанын хабарлаған.
5 сәуірде Қырғызстан үкіметінің отырысында премьер-министр Мухаммедкалый Абылгазиев шекарадағы ахуалға байланысты қазақстандық әріптесі Асқар Маминмен үш рет келіссөз өткізгенін мәлімдеген. Абылгазиев "экономикалық мәселелерді шешуде асықпай ойлануымыз керек, үкімет көлік кезегін шешу жолдарын қарастырып жатыр, Еуразия экономикалық одағы өкілдерімен де байланыстамыз" деген.
Бішкек бұған дейін "шекарадағы тексеру Еуразия экономикалық одағының талаптарына қайшы" деп мәлімдеген.
Бірақ 5 сәуірде Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан қаржы министрлігі мемлекеттік кіріс комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Қуат Рахимов "шекарадағы тексеру заңға сай" деп хабарлаған.
Рахимовтің айтуынша, "Қырғызстаннан келетін көліктер мүлде тоқтады деуге болмайды. Өйткені наурыздың 27-сінен 4-сәуірге дейін қырғыз тауарын тиеген 265 автокөлік, транзиттік бағыттағы 455 жүк көлігі Қазақстанға кірген".
Оқи отырыңыз: Қазақ-қырғыз шекарасында жүк көліктері тағы да кідірді
19 наурыздан бері Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы "Ақ-тілек автожол" өткізу бекетінде көлік кептелісі пайда болып, 31 наурызда олардың саны 200-ден асқан еді. Бұған Қазақстан жағына өткелі тұрған көліктердің мұқият тексерілуі себеп болғаны хабарланған.
Видео: Жүк көліктерінің кедендегі кідірісі. 5 сәуір 2019 жыл.
ПІКІРЛЕР