Шри-Ланкада жарылыстардан қаза тапқандар саны 310-ға жетті. Кем дегенде 480 адам жараланған. Бұл туралы NewsFirst сайты хабарлады.
Шри-Ланка денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, денесі табылған қырықтан аса адамның кім екені әлі анықталмаған.
Жарылысты әлі ешкім мойнына алмады.
Жексенбі, 21 сәуірде Шри-Ланканың түрлі аумағында сегіз жарылыс болған. Оның төртеуі - қонақ үйде, үшеуі - шіркеуде болды. Тағы бір жарылыс туралы әзірге толымды дерек жоқ.
Жарылыстың басым бөлігі - Коломбо қаласында болған. Ел астанасының солтүстігіне қарай орналасқан Негомбо және шығыс жағалаудағы Баттикалоа қаласындағы шіркеулер де бүлінген.
Шри-Ланка билігі жарылыстарды жергілікті исламшыл "Жамаат ат-Таухид әл-Ватания" тобынан көреді. Биліктің хабарлауынша, жергілікті экстремистерге халықаралық "желі" көмектескен. AFP агенттігінің жазуынша, сәуірдің басында халықаралық барлау Шри-Ланка билігіне исламшылдардың елде бірнеше теракті ұйымдастырып жатқанын ескерткен.
Жарылыстарға қатысы болуы мүмкін деген күдікпен 40 азамат ұсталған. Олардың барлығы - Шри-Ланка азаматы.
23 сәуірден бастап ел аумағында төтенше жағдай жарияланды.
ПІКІРЛЕР