Accessibility links

Украина ТМД елдерімен жасасқан тағы екі келісімнен шықты


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Украина билігі ТМД аясында қабылданған екі келісімнен – Совет кезінде жасалған құпия өнертабыстар туралы ақпаратты жария етпеу туралы құжат пен Экономикалық одақтың ортақ статистикалық базасын құру келісімінен шықты.

Алғашқы құжатқа 1999 жылы 4 маусымда Ресей, Украина, Беларусь, Армения, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан мен Өзбекстан қол қойған. Елдер "СССР кезінде жасалған құпия өнертабыстар жайлы өздерінде бар деректерді жария етпеуге" келіскен.

Келісімнен шығу идеясын көтерген Украина экономикалық даму министрлігі құжаттың ескіргенін айтып, "келісімдер ТМД-ға кіретін елдердің қазіргі қарым-қатынасына сай келмейді" деп мәлімдеген.

Екінші келісім 1995 жылдың 10 ақпанынан бері қолданыста болған. Құжатта ТМД статистикалық комитетін құру және мемлекеттер арасында деректер алмасу үшін экономикалық одақтың жалпы статистикалық базасын жүргізу қарастырылған.

Биыл қаңтарда Украина үкіметі ТМД аясындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үш келісімнен шыққан. Бұл құжаттарға экономикалық ақпарат алмасу туралы мемлекетаралық келісім, сыртқы экономикалық қызмет жөнінде ақпарат алмасу және сыртқы экономикалық қызмет жөніндегі ынтымақтастық келісімі жатады.

2018 жылы тамызда Украинаның сол кездегі президенті Петр Порошенко үкіметке ТМД-ның барлық құрылтай органдарынан ресми түрде шығу рәсімін бастауды тапсырған. Ол сондай-ақ "Украинаның ұлттық мүддесіне титтей болса да қайшы келетін ұйым аясындағы кез келген халықаралық шарттан шығатынын" мәлімдеген.

Сонымен қатар ТМД жарғылық органдары жанындағы Украина өкілдігі жабылды. Киев ұйыммен Украинаның Минскідегі елшілігі арқылы байланысады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG