Accessibility links

Чемпиондар лигасы: "Аякс" бірінші матчта "Тоттенхэмді" жеңді


"Аякс" ойыншылары матчтан кейін. Ортада гол авторы - Донни ван де Бек. Лондон, 29 сәуір 2019 жыл.
"Аякс" ойыншылары матчтан кейін. Ортада гол авторы - Донни ван де Бек. Лондон, 29 сәуір 2019 жыл.

Голландияның "Аякс" футбол командасы Чемпиондар лигасы жартылай финалының алғашқы матчында Англияның "Тоттенхэм" клубын 1:0 есебімен жеңді. Матч 30 сәуірде (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 1 мамыр түнде) Лондонда өтті.

Ойындағы жалғыз голды 15-минутта голландиялық Донни ван де Бек салды. Екі команда арасындағы қарымта матч 8 мамырда Амстердамда өтеді. Қос ойын қорытындысы бойынша жеңіске жеткен команда Чемпиондар лигасы финалына шығады. Жарыс ережесіне сай, екі матчтағы голдар саны қоса есептеліп, жеңімпаз анықталады.

Тағы бір жартылай финал матчында испаниялық "Барселона" мен англиялық "Ливерпуль" командасы ойнайды. Бұл клубтар арасындағы алғашқы матч 1 мамыр күні Барселонада, қарымта ойын 9 мамырда Ливерпульде өтеді.

Чемпиондар лигасының финалы 1 маусымда Мадридте (Испания) өтпек. Былтыр бұл жарысты мадридтік "Реал" командасы жеңген. Биыл "Реал" 1/8 финалда "Аякс" командасынан жеңіліп қалды.

Чемпиондар лигасы - UEFA (Еуропа футбол қауымдастығы) құрамына енетін елдер клубтары қатысатын ең ірі футбол жарыстарының бірі. Коммерциялық жарысқа UEFA ұйымына мүше елдердің чемпионатында жеңген және жүлде алған командалар қатысады.

Чемпиондар лигасы. Жартылай финал. Бірінші матч

"Тоттенхэм" (Англия) - "Аякс" (Голландия) - 0:1 (0:1)

Гол: Донни ван де Бек, 15 минут

"Тоттенхэм": Ллорис, Алдервейрелд, Санчес, Фертонген (Сиссоко, 39), Триппьер (Фойт, 80), Эриксен, Ваньяма, Роуз (Дэйвис, 79), Алли, Льоренте, Лукас Моура.

"Аякс": Онана, Фелтман, Блинд, де Лигт, Тальяфико, ван де Бек, Шене (Мазрауи, 65), де Йонг, Зиех (Хюнтелар, 87), Тадич, Нерес.

Ескерту алғандар: Тальяфико, 30. Фелтман, 63.

Төреші: Матеу Лаос (Испания).

30 сәуір. Лондон. "Тоттенхэм Хотспур" стадионы


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG