Accessibility links

Алматыдағы орталық көшелердің бірін қоршаған полиция азаматтарды ұстады


Полицияның азаматтарды ұстап жатқан сәті. Алматы, 9 маусым 2019.
Полицияның азаматтарды ұстап жатқан сәті. Алматы, 9 маусым 2019.

9 маусым түстен кейін Алматыда полиция орталық көшелердің бірін қоршап, Панфилов көшесі бойында ерсілі-қарсылы жүрген азаматтарды ұстады.

Күндізгі 15:00 шамасында Азаттық тілшісінің көзінше полиция жеті-сегіз газельге адамдарды толтырып алып кетті. "Не үшін азаматтарды ұстап жатсыздар?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына полиция қызметкерлері жауап бермеді.

Алматыдағы ұстау. 9 маусым 2019 жыл.
Алматыдағы ұстау. 9 маусым 2019 жыл.

Полиция ұстағандар арасында таңертең бөлімшеге жеткізіліп, одан босаған соң мұнда қайта келгендер де болды. Солардың бірі Алматы тұрғыны Нұрипа Ілиясқызы Азаттыққа өзін түске қарай ұстағанын, автозэкпен алып бара жатқан кезде бір қыздың тынысы тарылып, содан кейін көліктен түсіп қалғанын айтты. Ол полицияның көбіне жастарды іріктеп ұстауға тырысқанын байқаған.

Полиция азаматтарды ұстап, газельге отырғызып жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
Полиция азаматтарды ұстап, газельге отырғызып жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

9 маусым түске қарай Азаттық тілшілері полицияның азаматтарды қатты күш қолданып, көлікке отырғызғанына куә болған еді.

Полицияның азаматтарды ұстап жатқан сәті. 9 маусым 2019 жыл.
Полицияның азаматтарды ұстап жатқан сәті. 9 маусым 2019 жыл.

Ұсталғандар арасында көп балалы ана, белсенді Оксана Шевчуктің анасы да болған. Азаттыққа сұхбат бере салысымен оны полиция қызметкерлері алып кетті. Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшілерінің айтуынша, полиция саны өте көп. Полиция оқиғаға байланысты түсініктеме бермеді.

Панфилов көшесінде жүрген полиция қызметкерлері. 9 маусым 2019 жыл.
Панфилов көшесінде жүрген полиция қызметкерлері. 9 маусым 2019 жыл.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр. Осы күні Алматыда жүздеген адам наразылыққа шығып, сайлауға қарсылық танытты. Кем дегенде жүз адамды полиция ұстап әкетті.

Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мәліметінше, ел аумағында 9 970 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Қазақстаннан тыс жерде 51 елде 65 сайлау учаскесі ашылған.

ОСК дерегінше, Қазақстанда дауыс беруге құқығына ие 12 миллионға жуық сайлаушы бар.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл 19 наурызда президенттік өкілетін тоқтататынын кенеттен мәлімдеп, сол кезге дейін сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына уақытша президент етіп қалдырған. Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сенат төрағасы болып сайланған. 9 сәуірде Тоқаев Қазақстанда биыл 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG