20 маусымда тікелей эфирде тұрғындар сұрақтарына жауап берген Ресей президенті Владимир Путин сөзін ұлттық жобалардан бастады. Оның айтуынша, ақырғы мақсат - ресейліктердің өмір сүру сапасын жақсарту. Осы мақсатта мемлекет қосымша құн салығын арттыру сияқты қоғамға жайсыз тиген шараларды атқарған, бірақ ол талпынысы "нәтижесіз" болмаған.
"Өндіріс көлемі ұлғая бастады, инфляция деңгейі төмендеді, табыс көбейе бастады" деді Путин.
Бұдан соң президентке "Неге ресейліктердің өмір сүру деңгейі нашарлай бастады? Неге жалақы төмен? Неге тамаққа ақша жетпейді?" деген сұрақтар қойылды. Путин Ресейде 10 мың рубльдік (шамамен 50 мың теңге) жалақы бар дегенге күмәнмен қарады. Алайда мұндай мәселелер барын мойындап, табыстың азаюын батыс санкциясы, мұнай бағасының арзандауы және ресейліктердің өте көп несие алатындығымен байланыстырды. Президенттің айтуынша, халықтың шынайы табысы соңғы бірнеше жылда азайған, бірақ қазір қайта өсе бастаған. "Орташа жалақы көлемі ұлғайып, ең төменгі жалақы мөлшері, зейнетақы бір сөзбен айтқанда бәрі өсті" деді Путин.
Жалақы мәселесінен соң әңгіме ауаны денсаулық сақтау мәселесіне ауысты: кадрлар тапшылығы, алғашқы медициналық көмектің жоқтығы, жеңілдікпен дәрі-дәрмек ала алмау. Путин сұрақтардың біраз бөлігін денсаулық сақтау министріне бұрды.
Биыл Путинге ең көп қойылған сұрақтардың арасында қоқыс және "қоқыс реформасы" деген атпен белгілі қалдық өңдейтін зауыттардың салынуы болды. Путиннің айтуынша, ондаған жыл бойы Ресей қоқысты жинап келген, бірақ онымен елде ешкім айналыспаған. Ал Тынық мұхитында қалдық аралдары жүзіп жүр. Биліктің қалдықты өңдеу бойынша бағдарламасына тоқталған Путин шамамен 200 зауыттың құрылысы жоспарда бар екенін айтты. Оның айтуынша, бұл жобаларға 300 миллиард рубль көлемінде қаржы бөлінеді. Оның үштен бір бөлігі бюджеттен алынады, қалғанын бизнес қамтамасыз етеді. Қалдық реформасына қарсы наразылық шаралары туралы ешкім сұрақ қойған жоқ және президент бұл мәселені қозғамады.
Тікелей эфирді жүргізушінің дерегінше, эфир басталғанға дейін шамамен бір жарым миллионнан астам сұрақ түскен. Өткен жылы екі жарым миллион сұрақ болған. Кремль бұл айырмашылықты ыстық ауа райымен түсіндірген.
ПІКІРЛЕР