Accessibility links

"Полициядан зәбір көрдік" деген астаналықтар бас прокуратураға арызданды


Нұр-Сұлтандағы митинг кезінде полиция азаматтарды ұстап жатыр. 9 маусым 2019 жыл.
Нұр-Сұлтандағы митинг кезінде полиция азаматтарды ұстап жатыр. 9 маусым 2019 жыл.

Нұр-Сұлтанда сайлау және одан кейінгі күндері полициядан зардап шеккендер мен ұсталғандар бас прокуратураға шағым жазды. Арасында полиция тәркілеп алған мүліктерін қайтаруды сұрап жүргендер де бар. Бұған дейін Қазақстанның ішкі істер министрлігі наразылық кезінде полицейлер де жараланғанын хабарлаған.

Маусымның 18-і күні Нұр-Сұлтанда бір топ азамат бас прокуратураға келіп, полиция үстінен арыз түсірді. Шағымданғандардың көбі ел астанасында сайлау күні және одан кейін өткен наразылықтарға қатыспағанын айтады. Бірақ соған қарамастан полиция біреуін дауыс беруге бара жатқан кезде алып кетсе, екіншісін аялдамада тұрған жерінде ұстаған.

"ГАЗ БАЛЛОНЫН ШАШЫП ЕДІ, ЕШТЕҢЕ КӨРМЕЙ ҚАЛДЫҚ"

Солардың бірі - 1 және 2-топ мүгедектері Ермек Бекішев пен Азамат Садуов. Олар өздерін маусымның 12-сі күні жеке көліктерімен келе жатқан кезде сигнал бергендері үшін полиция тоқтатып, ұстап алып кеткенін айтады.

- Сол күні Республика көшесі бойымен келе жатып, автобус жолынан жеңіл көлік жолына ауысу үшін сигнал берген едім. Мені жол көлік полициясы тоқтатып, құжат талап етті. Бәрін көрсеттім. Бірақ олар көшеде сигнал бергендерге күш қолданатынын айтты. Менің бетіме газ баллонын шашып, автобусқа сүйреп алып кетті, - дейді Ермек Бекішев Азаттық тілшісіне.

Оның көлігін айыппұл бекетіне қойып, 2,5 айлық есептік көрсеткішке тең мөлшерде (6 313 теңге) айыппұл салған.

Ермек Бекішевтің жараланғаны туралы дәрігер анықтамасы. Нұр-Сұлтан, 18 маусым 2019 жыл.
Ермек Бекішевтің жараланғаны туралы дәрігер анықтамасы. Нұр-Сұлтан, 18 маусым 2019 жыл.

Мүгедектігі бар 36 жастағы Ермек Бекішев өзін бөлімшеге апара жатқан кезде жағдайы нашарлап, полиция бөліміне жедел жәрдем шақыртылғанын айтады. Дәрігер жарақат алғанын растаған құжат берген. Дәрігер анықтамасында оның басы мен кеудесіне соққы тигені жазылған.

Ермек Бекішев маусымның 18-і күні көлігін айыппұл бекетінен шығаруды сұрап, полицияның заңсыз әрекетіне шағымданды. Қоларбамен қозғалатын ол "үкіметке масыл болмай, күн көруге тырысып, көлікпен адам тасып жүргенде тағы айыппұл салғанына" ашынды.

Ермек Бекішев жүре алмағандықтан оған көмектесіп, қасында жүретін 38 жастағы мүгедектігі бар Азамат Садуов та онымен бірге полицияның заңсыз әркетіне арыз жазғанын айтты.

- Екеуміздің көзімізге газ баллонын шашып жіберді, біз ешнәрсе көрмей қалдық. Қолымызды бұрап алып кетті, айғайлағанымызға да қарамады, - деді ол.

Азамат Садуовтың айтуынша, полиция қызметкерлерінің бірі оған "бізде қатаң қимылдау туралы бұйрық бар" деп айтқан.

Қарай отырыңыз: Нұр-Сұлтан полициясы азаматтарды қалай ұстады? (9 маусым 2019 жыл).

Нұр-Cұлтан полициясы наразыларды қалай ұстады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:13 0:00

"ҰРЫП-ТЕПКІЛЕП, ҚОЛЫМДЫ ШЫҒАРЫП ЖІБЕРДІ"

42 жастағы белсенді Дулат Ағәділді маусымның 9-ы күні кешке қарай Азаттық радиосының тікелей эфиріне бара жатқан жерінен ұстап, Есіл аудандық полиция бөліміне апарған.

- Есіл аудандық бөлімінде адам тым көп болды. 100-150-дей адам болды. Мен "наразылық білдіріп, адамдарды он сағат ұстауға құқыларың жоқ" дедім. Адамдар мені қолдап "шаршадық, су жоқ, тамақ жоқ, неге ұстап отырсыңдар" деп шулап кетті.

Белсенді Дулат Ағәділдің жарақат алғаны туралы дәрігердің анықтамасы. 18 маусым 2019 жыл.
Белсенді Дулат Ағәділдің жарақат алғаны туралы дәрігердің анықтамасы. 18 маусым 2019 жыл.

​Олар төмен қарай түсе бастады, сол кезде полиция өкілдері жабылып, резеңке таяқпен ұра бастады. Мен терезеден секіріп кеттім. Ешқандай жарақат алғам жоқ. Бірақ сол жерден қайта қолымды қайырып ұстап, ішке алып кірді. Бір майор мен екі-үш адам ұрып тепкілеп, қолымды шығарып жіберді. Иығым көгеріп, ісіп кеткен соң жедел жәрдем шақырып еді, олар №1 қалалық емхана алып барды. Иығы шыққан деп салып, гипстеп берді, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Дулат Ағаділ полиция әркетіне байланысты сол күні түнде кезекші прокурорға арызданған. Ол бас прокуратураға маусымның 9-ында тәркілеп алып кеткен телефонын қайтаруды сұрап, шағым жазған.

ПОЛИЦИЯДАН СЫТЫЛЫП ШЫҒУ ҮШІН ӘЙЕЛ КИІМІН КИГЕН

Бас прокуратураға шағымданғандар арасында белсенді Ербол Есхожин де болды. Ол маусымның 9-ы күнгі митингке қатысқысы келгенмен үйін полиция торуылдап, шығуына мүмкіндік бермеген. Полиция қызметкерлерінен сытылып шығу үшін әйел киімін киіп, көшеге шыққан. Бір квартал жүргеннен кейін киімін шешіп, пакетке салып, сол маңда тосып тұрған әйеліне берген. Бірақ сәл жүрген соң полиция оны да ұстаған. Ол өзін сол күні қамап соттайды деп ойлаған. Алайда белсенді полицияның өзін кейінірек босатып жібергенін айтады.

Ербол Есхожиннің айтуынша, полиция оның үйін сайлауға дейін маусымның 7-і күні тінтіген. Олар көк шар мен өзге де "тыйым салынған заттар" іздеп, таппаған соң жеке компьютері мен телефонын алып кеткен. Ол сол тәркіленген заттарды қайтаруды сұрап, арызданғанын айтты.

Прокуратураға полиция қызметкерлері әрекетіне арызданып келген Әсия есімді әйелдің айтуынша, полиция өзін маусымның 10-ы күні кешкі сағат 19:00 шамасында аялдамада тұрған жерінен алып кеткен. Аты-жөнін толық айтқысы келмеген ол полицейлердің әрекетін "заңсыз, бассыздық" деп атады.

- Мені Байқоңыр ауданындағы полиция бөлімшесіне апарды. Ол жерде өте көп адам болды. Полиция қызметкерлері тіпті ұсталғандармен саудаласып "егер көп сөйлесең - 10-15 тәулік, үндемесең - 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл аласың" деп жатты. Негізі митинг болған жоқ деп санаймын. Ұран көтергенім жоқ. Мен заңдық көмек керек екенін айттым. Әйтеуір ескертумен жібере салды, бірақ мен принципті түрде келіп арызданып тұрмын, - деді ол.

Азаттық тілшісі сол күні жоғарыда аталған азаматтардың шағымдарын бас прокуратураның қабылдағанына куә болды. Әзірге оларға қашан жауап беретіні белгісіз.

ІІМ: 300-ДЕН АСТАМ ПОЛИЦИЯ ЖАРАЛАНДЫ

Бас прокурордың аға көмекшісі Исламбек Төлегенов Азаттыққа тек Дулат Ағаділдің арызы туралы ғана мәлімет берді. Оның сөзінше, белсендінің жараланғаны туралы арызын маусымның 12-інен бері Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің қауіпсіздік басқармасы тексеріп жатыр.

Бас прокуратураның баспасөз қызметінің өкілі Шолпан Көшенованың Азаттық тілшісіне айтуынша, "заң бойынша егер тексеруді қажет етпесе, арыз-шағымдарға - 15-20 күн, ал тексеру қажет болса, шамамен бір ай ішінде жауап беріледі". Ол азаматтардан сайлау күндеріндегі полиция әрекетіне байланысты арыз-шағым түскенін-түспегенін айта алмайтынын жеткізді. Кеңсеге хабарласуға кеңес берді. Ал бас прокуратураның кеңсесінде телефон тұтқасын ешкім көтермеді. Азаттық тілшісі ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінен де жауап ала алмады.

Бұған дейін елдің ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев елдің бірнеше қаласында рұқсат етілмеген митинг кезінде 300-ден астам полиция қызметкері зардап шекті деп мәлімдеген.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

"300-ден астам полиция қызметкері зардап шекті, олардың алтауы қазір ауруханада жатыр. Олардың бір бөлігі маусымның 9,10 және 11 күндері зардап шеккен. Бұл деректі ешқашан айтпағанбыз, мен алғаш рет айтып тұрмын. Көбі жеңіл жарақат алған. Кейбірінің тобығы шыққан, бас сүйегі мен миына зақым келген, полицияға шабуылдағандар ұрып, теуіп, жұлқылап, таспен, таяқпен, темірмен ұрған" деді Тұрғымбаев маусымның 18-і күні.

Министрдің сөзінше, полицияда тәртіпсіздіктерді тоқтату үшін қолданатын газ, резеңке тәрізді арнайы құралдары бар болса да, оны қолданбай тек күш қолданған.

"Полиция үш мың азаматты үш сағат ұстаған соң ескерту жасап, босатты. 677 адам сот шешімімен әкімшілік қамауға алынды, 305 адамға айыппұл салынды" деп мәлімдеді министр.

Қазақстанда маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтті. Сайлаудың ресми нәтижесі бойынша, биліктің "Нұр Отан" партиясы атынан сайлауға түскен Қасым-Жомарт Тоқаев 70 пайыз дауысқа ие болып, жеңіске жеткен. Сайлау өткен күні және одан кейін елдің ірі қалаларында наразылық шаралары өтіп, азаматтар президент сайлауы мен оның ресми қорытындысына қарсылық білдірді.

Қарай отырыңыз: Сайлау күнгі наразылық. (9.06.2019 жыл).

Арнайы жасақтың наразыларды ұстаған сәті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:45 0:00

Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев митингілер кезінде төрт мыңға жуық адам ұсталғанын хабарлады. Құқық қорғаушылар "билік ұсталғандар санын тым азайтып көрсетті, ұсталғандардың әкімшілік жауапқа тартылғаны және қай жерде қамауда отырғаны туралы туыстарына хабарламады" деп мәлімдеді. Тәуелсіз бақылаушылар сайлау қорытындысының бұрмаланғанын айтып, сайлау нәтижесін заңсыз деп тануды талап етті.

Халықаралық ұйымдар, оның ішінде БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңсесі Қазақстан билігін бейбіт наразыларды ұстағаны үшін айыптады. ЕҚЫҰ бақылаушылар миссиясы сайлау кезінде көптеген заңбұзушылық пен азаматтарды ұстау болғанын айтып сынады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG