Accessibility links

Қоймадағы жойқын жарылыстан соң төтенше жағдай жарияланды


Арыс қаласындағы әскери қоймадағы жарылыстан кейін Шымкентке жеткізілген тұрғынның бірі. Шымкент, 24 маусым 2019 жыл.
Арыс қаласындағы әскери қоймадағы жарылыстан кейін Шымкентке жеткізілген тұрғынның бірі. Шымкент, 24 маусым 2019 жыл.

Маусымның 24-і күні таңертең Арыс қаласындағы әскери қоймада шыққан өрт жарылыстарға ұласып, бір адам қаза тауып, ондаған адам зардап шекті. Түркістан облысы әкімі төтенше жағдай жариялап, қаладан ондаған мың адам эвакуацияланды.

Дүйсенбі, маусымның 24-і күні таңертең Шымкент қаласынан 97 километр жердегі Арыс қаласында орналасқан әскери бөлімінің қоймасында өрт шығып, оның соңы жарылысқа ұласқан. Бұл туралы Қазақстан қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Түркістан облысы Арыс елдімекені маңында орналасқан Қазақстан қарулы күштері бөлімдерінің бірінде өрт шығып, салдарынан әскери оқ-дәрі жарылған" деп хабарлаған министрлік.

Арыстағы жарылыстың көрінісі. 24 маусым 2019 жыл.
Арыстағы жарылыстың көрінісі. 24 маусым 2019 жыл.

​Билік орындары жарылыстан зардап шеккен 25 адамның Шымкенттегі №1 қалалық ауруханаға жеткізілгені туралы хабарлады. Оның бесеуі - бала. Аурухана бас дәрігері Абылай Донбайдың айтуынша, халі ауыр үш адам жан сақтау бөліміне жатқызылған. Бұған қоса, Отырар аудандық ауруханасында Арыстағы жарылыстан зардап шеккен 34 адамға медициналық көмек көрсетілген.

Маусымның 24-і күні кешкісін қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев пен Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев Ордабасы ауданы, Ақжол ауылы, Жамбыл мектебінде брифинг өткізіп, Арыс қаласындағы жарылыстан бір адам қаза тапқанын хабарлады. Әкімнің сөзінше, тұрғынның көлігіне снаряд түскен.

Қорғаныс министрі Ермекбаев жарылыс әлі жалғасып жатқанын, қауіп сейілмегенін хабарлады. Министрдің сөзінше, әскери қоймадағы жарылыс бірнеше күнге созылуы мүмкін.

"Радиациялық снарядтар болмады. Радиация қаупі жоқ" деді Ермекбаев.

Брифингіде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев "1616 адам билік ұсынған көліктермен эвакуацияланғанын, ондаған мың тұрғын өздері әртүрлі жолмен қаладан кеткенін" айтты.

Reuters және AP халықаралық ақпарат агенттіктері Арыс қаласынан ондаған мың адам эвакуацияланғанын хабарлады. Ресми дерек бойынша, Арыста 45 мыңға жуық адам тұрады.

Маусымның 24-і күні Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 21.00-де елдің денсаулық сақтау министрлігі жарылыстан зардап шеккендердің саны 52 адам болғанын мәлімдеді.

Арыстағы жарылыстан зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:51 0:00

Қазақстан ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдай комитеті өкілі Нұрсұлтан Нұрахметтің айтуынша, әскери қоймада өрт шығып, жарылыс болғаны жайлы суыт хабар таңертеңгі сағат 9.20 кезінде түскен. Нұрахмет қоймадағы жарылыстан соң әскери бөлімше аумағы өртенгенін, отты сөндіруге ондаған адам мен арнайы техника жұмылдырылғанын хабарлады. Түркістан облысы әкімдігі облыста төтенше жағдай жариялады.

Арыс қаласындағы жарылыс туралы ақпарат әлеуметтік желіде лезде тарады. Жергілікті тұрғындар жарылыс болған сәт түсірілген видеоларды жариялады. Онда қуатты жарылыстан кейін әуеге қою түтін көтерілгені байқалады.

AzatNews: Арыстағы оқиғаның жай-жапсары

AzatNews 24.06.2019
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:15:10 0:00

Әлеуметтік желіде жарияланған кей видеоларда тұтқиылдан болған жарылыстан үрейленген адамдардың кейбіреуі көлікпен, кейбірі жаяу-жалпы қашып бара жатқаны бейнеленген.​

Facebook қолданушы Ноябрь Кенжеғараев парақшасында жариялаған видеода жарылыс салдарынан жергілікті тұрғынның үйінің төбесі ойылып, терезелері қирап қалғаны көрінеді.

Өзін Арыс тұрғынымын деп таныстырған Нұрдәулет Жолболды Facebook парақшасына "осымен 10-рет жарылған аппақ дүмпу көрінді" деп жазды. Ол Азаттық тілшісіне Арыстағы "туыстарының өз бетімен қауіпсіз жерге көшіп жатқанын" айтты.

Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі Арыс қаласына баратын көлік жолы жабылғанын хабарлады. Азаттыққа өзін Жанат Әбілқасымовамын деп таныстырған тұрғын Арыстан балаларын алып Шымкентке кетуге мәжбүр болғанын айтады.

- Жарылыс болып жатыр. Таңертең сағат тоғыз жарымда басталған. Басында шөп өртеніп жатыр ма деп ойлағам. Біраздан кейін ысқырып келіп түсіп, снарядтар жарыла бастады. Оны көрген соң жеңіл көлікке мініп қаштық, үйден тек жеке құжатымызды алып қана үлгердік. Қазір Шымкентке, туысыма келе жатырмыз, - дейді ол.

Арыс әкімдігі өкілдерінің хабарлауынша, №44856 әскери бөлімі аумағында өрт шығып, жарылыс болғаны туралы ақпарат дүйсенбі күні өртке қарсы қызметтің кезекші бөліміне жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 9:20 кезінде түскен.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter парақшасына "қорғаныс, ішкі істер министрлеріне және Түркістан облысының әкіміне Арыс қаласындағы әскери бөлімдегі оқ-дәрі қоймасында болған жарылыстың зардаптарын жою жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырдым. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жарылыстың себептерін анықтау қажет" деп жазды.

Түркістан облыстық төтенше жағдай комитетінің мәліметі бойынша, 15 эвакуациялық бекет ашылған.

Азаттықтың Шымкенттегі тілшісінің хабарлауынша, Арыс қаласы мен қала маңындағы елдімекендердің мыңға жуық тұрғыны Шымкенттегі "Ақмешіт" мешітіне жеткізілді. Азаттық тілшісінің айтуынша, Арыс тұрғындарын мешіт маңына бірнеше автобуспен әкелген.

Арыс қаласында бұған дейін бірнеше рет жарылыс болған. 2015 жылы қарашада қаладағы полигон аумағында жарылыс болып, бір адам мерт болған еді. Ресми ақпарат бойынша, жарылыс әскери оқ-дәрілер мен өндіріс қалдықтарын жою кезінде болған.

2014 жылы Арыстағы "Қазақжарылысөнеркәсібі" акционерлік қоғамы аумағында болған жарылыс салдарынан екі адам қаза тапқан.

Он жыл бұрын, 2009 жылы наурызда Арыстағы қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған оқ-дәрі атылған. Ол оқиғадан төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. Ресми билік жарылысқа қоймадағы қарудың дұрыс сақталмауы және жарылғыш затпен дұрыс жұмыс істемеу себеп болды деп мәлімдеген.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG