Маусымның 1-і күні Ресейдің Нижегород облысындағы Дзержинскі қаласында оқ-дәрі шығаратын зауытта жарылыс болды. Ресми дерек бойынша, 85 адам зардап шекті: орта дәрежеде жарақат алған 16 адам ауруханаға түскен, бір адамның жағдайын дәрігерлер ауыр деп бағалайды. Нижегород облысының денсаулық сақтау басқарма басшысы міндетін атқарушы Елена Саксонова зардап шеккендердің көбі жарықшақ тиіп жараланғанын айтты.
Қаланың өнеркәсіптік аймағындағы зауыттан аспанға көтерілген түтінді Дзержинскі тұрғындары ғана емес, жақын маңдағы ауыл азаматтары да көрген.
"Гайдарға жақын жерде тұрам, жарылысты естіп, терезені жабуға асықтым! Екінші жарылыстың қуатты болғаны соншалықты әйнек шытынады" деді Дзержинскі тұрғыны Надежда.
Қаланың тағы бір тұрғыны Станислав есімді азамат оқиғаға алаңдағанын жеткізді.
"Терезе бүлінген жоқ, бірақ жарылыс естілді. Саяжайдан анам хабарласып, мен сияқты алаңдап отыр екен...Барлық көліктердің сигнализациясы ойнап кетті" деді тұрғын.
Ресми дереккөздер жарылысқа оқ-дәрі шығаратын зауытта "технологиялық процестің сақталмауы" себеп болғанын хабарлады.
230 мың тұрғыны бар Дзержинскі совет кезінде Ресейдің химия өнеркәсібінің орталығы болған. "Кристал", "Свердлов", "Ява" және "Оргсинтез ОКА" зауыттары қаланың өнеркәсіптік аймағында орналасқан химиялық кәсіпорындарының бір бөлігі ғана. Бұл зауыттар совет кезінде жұмыс істеді, қазір де жұмыс істеп тұр. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Дзержинскі зауыттары өздігінен жанатын сұйықтықтар, калий селитрасы, нашатыр, меламин, несепнәр сияқты уландыратын химиялық зат шығарды. Қазіргі кезде бұл - әлемдегі ең лас қалалардың бірі.
"Кейде кезекшілікті атқару үшін жұмысқа келсең, цехтың орнында тек шұңқырды ғана көретінсің" деп еске алады қала тұрғыны 83 жастағы Софья Лаврентьева. Ол марқұм күйеуімен бірге Дзержинскі қаласындағы Свердлов атындағы зауытта 20 жыл жұмыс істеген. Дәл осы себептен болар, маусымның 1-і күні болған жарылысқа ол таңданбайды.
Төменгі Новгород қаласынан Дзержинскіге қарай 37 шақырым жүргеннен кейін-ақ мұрныңыз күкірт, селитра және өзге де беймәлім заттардың иісін сезе бастайды. Барған сайын ауа жетпей, тынысыңыз тарыла түседі. Мұндай жерде қалай жұмыс істеуге болады? Жергілікті тұрғындар "Ява және Ока зауыттары ақымақтарды шығарады" деп өзара қалжыңдасады. Яғни, олар осы кәсіпорындарда жұмыс істейтін азаматтардың кезекшіліктен кейін бастары ауырып, тәлтіректеп қалатынын меңзесе керек. Бұл әрине, сыбыс. Бірақ тұрғындар арасында ол әлі күнге дейін бар.
Дзержинскі қаласының өзі карсты (оқпа) қабатта тұр - яғни, мұнда карсты шұқырлар жиі кездеседі. "Оргстекло" зауытының жеке карсты көлі бар. Бұл ресми түрде әлемдегі ең лас көл деп танылған. Көлдің айналасын үшкір сым темірлермен қоршап тастаған.
Қала маңында борпылдақ батпақ жерлер көп. Кейде ондағы шымтезектер өздігінен жанып жатады. Совет кезінде қала қонақтары түрлі түсті қарға жиі таңғалған.
Қазір зауыттар мен кәсіпорындарда қала халқының 40 пайыздан астамы жұмыс істейді. Жергілікті тұрғындар жарылыс пен зардап шеккендер жайлы әлеуметтік желіден біліп отырады.
Маусымның 1-күнгі жарылыстан кейін әлеуметтік желі қолданушылары оқиғаға алаңдап, наразылығын білдірді. Көбі кәсіпорын басшылығын техника қауіпсіздігін сақтамайды деп кінәлады. Қолданушылардың көбі бұл өндірісті мүлде тоқтату керек деп санайды. "Кәсіпорындарды жапса, бала-шағамызды қалай асыраймыз" деп алаңдағандар да болған.
Азаттықтың Татар-Башқұрт қызметінің мақаласы.
ПІКІРЛЕР