Түркістан облысы әкімдігі жарылыс болған Арыс қаласына тұрғындарды қайта кіргізу үш күнге, яғни 28 маусымға дейін шегерді. Бұл туралы 26 маусымда Түркістан облысы Отырар ауданында өткен брифингіде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев айтты.
Әкімнің сөзінше, қалада көпшілік жүретін көшелер снарядтардан тазартылғанымен, аулаларда әлі жарылғыш заттар жатыр.
"26 маусымда тұрғындарды қалаға кіргіземіз деп ойлағанбыз. Бірақ қауіп әлі бар. Тұрғындардың қалаға нақты қай уақытта оралатынын 28 маусымда айтамыз" деді әкім.
Шөкеев санитарлық-эпидемиялық қызметкерлер қалада дезинфекция бастағанын да айтты.
24 маусым күні таңертең Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасында алдымен өрт шығып, кейін жарылыстар болған. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жарылыстан үш адам мерт болып, 160-тан астам адам зардап шеккен.
Қазақстан үкіметінің есебінше, жарылыс болған күні 39 мың адам өз күшімен қаланы тастап шыққан, 3500 адам Түркістан облысы әкімдігі ұсынған автобустармен Шымкентке жеткен. Түркістан облысы әкімдігінің мәлімдеуінше, қазір Шымкентте қырыққа жуық, облыстың басқа аудандарында жиырмадай эвакуациялық пункт жұмыс істеп жатыр. Түркістан облысы әкімдігі 24 маусымда аймақта төтенше жағдай жариялады.
25 маусымда екі жүзге жуық адам Арыстың кіреберісіне барып, үйлеріне өтпек болған. Бірақ оларды сол маңда тұрған полиция мен әскерилер қалаға кіргізбеген еді. Қазір Арыс қаласына кіруге тыйым салынған. Билік "қалада 500-ге жуық саперлер жұмыс істеп жатқанын" хабарлаған.
Шымкентке жеткізілген Арыс тұрғындары "билік ұсынып жатқан көмек мардымсыз" деп шағынды. Олар көбінесе билік емес, еріктілер мен халық көмектесіп жатқанын айтады. Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 26 маусымда өткен баспасөз мәслихатында Арыс тұрғындарының "биліктен мардымды көмек болмай жатыр" деген сөзін жоққа шығарды. Әкімнің сөзінше, қаладағы барлық пункте Арыс қаласынан келгендерге қолдан келгенше тиісті көмек көрсетіліп жатыр.
ПІКІРЛЕР