Accessibility links

Орталық алаңға барған наразы жұрт билікке талап айтты


Арыс тұрғындарының наразылық шеруі. Шымкент, 27 маусым 2019 жыл.
Арыс тұрғындарының наразылық шеруі. Шымкент, 27 маусым 2019 жыл.

Маусымның 27-і күні таңертең Шымкентте "Ақмешіт" алдындағы көшені жапқан Арыс тұрғындары түстен кейін қаладағы "Нұр Отан" алдына барып, ғимаратқа басып кірмек болды. "Нұр Отан" өкілдерімен кездесе алмаған наразылар кейіннен орталық алаңға қарай жылжыды. Әскери қоймадағы жарылыстан кейін бірнеше күннен бері мешітті уақытша паналап отырған адамдар жергілікті биліктен өздерін Арыстан басқа жаққа көшіруді талап етті.

Маусымның 27-і күні таңертең стихиялы түрде басталған наразылық шарасы түстен кейін қаланың орталық бөлігіне ауысты. Түскі 15.00 шамасында қаладағы "Нұр Отан" алдына барған арыстықтар ғимаратқа басып кірмек болды. Бірақ ғимарат есігі алдында бірнеше қатар сап құрған полиция қызметкерлері жұртты ғимаратқа кіргізбеді. Бұдан соң тұрғындар орталық алаңға барды.

Тікелей эфирді көріңіз:

Басым бөлігі Арыс тұрғындарынан құралған наразы топтың басты талабы - әскери қоймадағы жарылыстан кейін ішінара бүлінген Арыс қаласынан өздерін басқа жаққа көшіру. Қалада радиация барын айтқан тұрғындар ол жақта демалу мүмкін емес екенін айтып, экологиясына шағымданады. Соңғы он жылда бірнеше рет жарылыс болғанын айтқан арыстықтар "жарылыстың тағы болмасына ешкім кепілдік бере алмайды" дейді.

Арыс тұрғындарының наразылық шеруі. Шымкент, 27 маусым 2019 жыл.
Арыс тұрғындарының наразылық шеруі. Шымкент, 27 маусым 2019 жыл.

Бұл оқиғаның алдында түс кезінде Шымкенттегі мешіт ішінде тұрғындардың талабын тыңдаған Түркістан облысының әкімі Өмірзан Шөкеев "үйлеріңді жөндеп береміз, қалғаны өз еріктеріңде, Арыстан кеткісі келгендер үйлерін сатып кетсе болады" деп айтқан еді. Әкім "қалада радиация бар" деген ақпаратты да жоққа шығарған. Тұрғындар биліктің жауабына қанағаттанбаған.

Орталық алаңға беттеген тұрғындардың бірі Азаттық тілшісіне "билік мешіттен шықпай қойды, бізді қайта-қайта құран оқып, басып тастап жатыр. Енді біз әкімдікке барып, талабымызды айтамыз" деді.

- Билік Арыстағы үйлеріңді жөндеп береміз, одан кейін қайда барсаңдар, өздерің біліңдер деп отыр. Талабымызды естіген жоқ, - деді наразы азаматтардың бірі.

Арыстықтармен бірге Темірлан көшесінің бойымен орталық алаңға полиция қызметкерлері де барған.

Орталық алаңға жеткен арыстықтар алаңның жан-жағына шашырай орналасып, әр жақта билікке талаптарын айтып жатты. Оларды полиция қызметкерлері бақылап тұрды. Алаңға барған облыстық мәслихат депутаттарының бірі Әбдіхалық Қасымбай биліктің арыстықтарға "қолдан келгенше көмек беретінін" айтты. Бірақ тұрғындар "халық төзімінің таусылғанын айтып", "талаптары орындалмайынша алаңнан кетпейтінін" айтты.

Шымкенттік белсенділердің бірі Ғалымжан Оразымбет "халықты сабырға шақыру үшін" алаңға бірнеше имам барғанын, бірақ тұрғындардың олардың сөзіне құлақ аспағанын хабарлады.

ТАҢЕРТЕҢ НЕ БОЛДЫ?

Таңертеңгі сағат 11 шамасында Шымкенттегі "Ақмешіт" мешіті мен "Бекжан" базары алдындағы көшені Арыс тұрғындары жапқан еді. Дүйсенбі күні әскери қоймадағы жарылыстан кейін үй-жайын тастап, Арыстан кетуге мәжбүр болған адамдар Шымкентте "Ақмешіт" мешітін уақытша паналап жатқан болатын.

Өздеріне Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің келуін талап еткен жұрт "Арыс!", "Жер беріңдер!", "Үй беріңдер!" деп айғайлады. Шымкент қалалық әкімдігі шенеунігі наразыларды мешітке баруға шақырғанымен, жиналған жұрт оған бағынудан бас тартты.

Адамдар жиналған жерде қалалық полиция қызметкерлері мен шенеуніктер де жүрді. Арада жарты сағаттан астам уақыт өткенде наразылар жиналған жерге келген Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жұртты көше жолын босатып, мешітке кіріп сөйлесуге шақырды. Жиналғандардың бір бөлігі оның сөзіне құлақ асып, әкіммен бірге мешітке кірді, тағы бір бөлігі көшеде қалды.

Мешіт ішінде әкім Ғабидолла Әбдірахымов жұртты "қызбалыққа салынбай, сабыр сақтауға" шақырды. "130 мың адам баспана кезегінде тұрған Шымкенттен сіздерге үй беруге мүмкіндік жоқ" деді әкім.

Наразы тұрғындарға келген Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов. 27 маусым 2019 жыл.
Наразы тұрғындарға келген Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов. 27 маусым 2019 жыл.

Әкім сөзіне наразы болған тұрғындар "облыс әкімі Шөкеев қайда?" деп Түркістан облысы әкімінің келуін талап етті. Мешіт іші айғай-шуға ұласқан соң имамдардың бірі құран сүрелерін оқи бастады. Тек осыдан соң наразы тұрғындар тізе бүгіп, тынышталғандай болды. Бірақ уағыз-насихат аяқталған соң айғай-шу қайта жалғасқан.

Азаттық оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратты:

Мешіт сыртында жүрген есімін Дәурен Әбілдаев деп өзін таныстырған азамат 26 маусымда Арыс қаласына барып көргенін, қалада қазір тұру мүмкін емес екенін айтты.

- Ауасы өте лас. Барсаң, бірден тамағың ауырады. Ол жақта тұру мүмкін емес. Өлген малдар бар. Үйлері жарамсыз, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Бұл ақпаратты жанында тұрған өзге де Арыс тұрғындары қостады. Жылап-сықтаған тұрғындар "жарылыстан бері тыныш ұйықтай алмай жүргенін", Арыста ендігәрі қала алмайтындықтарын жеткізді.

"Ақмешіт" алдындағы наразылық. Шымкент, 27 маусым 2019 жыл.
"Ақмешіт" алдындағы наразылық. Шымкент, 27 маусым 2019 жыл.

Шамамен екі сағатқа жуық уақыт өткеннен кейін оқиға орнына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев келді. Тұрғындардың бір бөлігімен мешіт ішінде кездескен әкім Арыс тұрғындарының ешқайсысы көмексіз қалмайтынын айтып, халықты тыныштандыруға тырысты.

Әуел баста микрофон жоқ болғандықтан көпшілікке әкімнің не дегені, тұрғындардың не айтқаны естілмеді. Шамамен 20 минуттан соң ортаға микрофонды әкелді. Бірақ сонда да билік пен тұрғындар арасындағы диалог "тиісті дәрежеде" өрбіген жоқ.

- Арыста ешқандай радиация жоқ. Сіздерге [Арыстан] үй салып береді. Оны сатасыздар ма, жоқ па - сосын өздеріңіз шешесіздер, - деді облыс әкімі.

Кейбір тұрғындар сыртта да наразылар көп екенін айтып, әкімді ғимарат сыртына шығуға шақырды. Бірақ әкім бұл ұсынысқа жауап бермеді. Кездесудің арты дау-дамайға ұласып бара жатқан соң мешіт ішінде азан шақырыла бастады.

Оқиғаны полиция қызметкерлері бақылады.

Мешіт алдындағы наразылықты бақылап тұрған полиция қызметкерлері. Шымкент, 27 маусым 2019 жыл.
Мешіт алдындағы наразылықты бақылап тұрған полиция қызметкерлері. Шымкент, 27 маусым 2019 жыл.

"СНАРЯДТАРДЫҢ 70 ПАЙЫЗЫ ЖАРЫЛЫП БІТТІ"

Іnbusiness.kz сайтының жазуынша, маусымның 27-і күні Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев "әскери қоймадағы снарядтардың 70 пайызы жарылып біткенін", арыстықтардың үйлеріне қайтуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын айтқан. Кейбір жергілікті агенттіктер кешке қарай Шүкеев сөзіне сілтеме жасап, "арыстықтарды 28 маусымнан бастап, елді мекенге кіргізе бастайтынын" хабарлады.

Бұл күні еңбек және халықты қорғау министрі Бердібек Сапарбаев қажетті қаражат пен гуманитарлық көмек тұрғындарға жетуі үшін қоғамдық комиссия құрылатынын айтқан.

"Арысты қалпына келтіруді ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жеке бақылап отыр. Үкіметке арнайы тапсырма берілді, қаланы, әлеуметтік нысандарды, тұрғын үй және инфрақұрылымды жөндеп, қалпына келтіру үшін барлық қажетті құралдар бөлініп жатыр. Үкімет пен жергілікті органдар тиісті шараның бәрін атқарып жатыр" деді министр.

Сапарбаев сонымен бірге әскери қойманың Арыс қаласынан басқа қауіпсіз жаққа көшірілетінін айтқан.

"Басты міндет - болашақта қайлығы оқиғаның қайталануына жол бермеу. Экологиялық ахуал да назардан тыс қалмайды. Жақын уақытта жағдай қалпына келеді, шыдамды болыңыздар" деген.

Маусымның 24-і күні таңертең Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасында алдымен өрт шығып, кейін жарылыстар болған. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жарылыстан үш адам мерт болып, 160-тан астам адам зардап шеккен.

Қазақстан үкіметінің хабарлауынша, жарылыс болған күні 39 мың адам өз күшімен қаланы тастап шыққан, 3500 адам Түркістан облысы әкімдігі ұсынған автобустармен Шымкентке жеткен. Түркістан облысы әкімдігінің мәлімдеуінше, қазір Шымкентте қырыққа жуық, облыстың басқа аудандарында жиырмадай эвакуациялық пункт жұмыс істеп жатыр. Түркістан облысы әкімдігі 24 маусымда аймақта төтенше жағдай жариялады.

Шымкентке жеткізіліп, пунктерді паналап жатқан Арыс тұрғындары "билік ұсынып жатқан көмек мардымсыз" деп шағынды. Олар көбінесе билік емес, еріктілер мен халық көмектесіп жатқанын айтады. Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 26 маусымда өткен баспасөз мәслихатында Арыс тұрғындарының "биліктен мардымды көмек болмай жатыр" деген сөзін жоққа шығарды.​ Әкімнің сөзінше, қаладағы барлық пункте Арыс қаласынан келгендерге қолдан келгенше тиісті көмек көрсетіліп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG