Facebook әлеуметтік желісі өз платформасында жалған ақпараттың таралуына қарсы шарасын көпшілікке ұсынды. Мысалы, енді Facebook-те сайлауға дауыс бермеуге шақыратын ақпарат жариялауға болмайды.
Шараның мақсаты – 2020 жылғы АҚШ-тағы президент сайлауы науқаны мен сол жылы өтетін халық санағы кезінде қоғам пікірін бұрмалаудың алдын алу. Былтыр Facebook сайлаудың өтетін орны мен өткізу ережесі туралы жалған ақпараты бар немесе дауыс беруге байланысты күш қолдану жайлы пост және жарнамалық материал жариялауға тыйым салған.
Facebook әлеуметтік желісі 2016 жылғы АҚШ перзиденті сайлауы қарсаңында өз платформасында троллинг пен жалған ақпаратқа жол бергені үшін қатты сынға ұшыраған. АҚШ әкімшілігі өкілдері жағдай қайталанса, 2020 жылы елде өтетін халық санағына кесірін тигізуі мүмкін деп алаңдаушылық білдірген.
Он жылда бір рет өтетін халық санағы АҚШ үшін аса маңызды қоғамдық-саяси оқиға саналады. Себебі, санақ нәтижесі федералдық қаржы көздерінен жүздеген миллиард доллар бөлуге, сайлау округтерінің шекарасын анықтауға әсер етеді. Кей мәліметтерге қарағанда, бұған дейінгі санақ кезінде афроамерикалықтар, Латын Америкасынан шыққандар мен резервацияда өмір сүріп жатқан Американың байырғы тұрғындары, жалға берушілер мен жағдайы төмен отбасылар тәрізді тұрғындардың кейбір жекелеген тобының саны азайтылып көрсетілген. Биыл президент Дональд Трамп әкімшілігі сауалнамаға азаматтық туралы сауалды енгізбек болған еді, алайда Жоғарғы сот оған уақытша тыйым салды. Кей сыншылар ондай сауал елде тұрып жатқан заңсыз мигранттардың санаққа қатыспай қалуына себеп болады деп санайды.
ПІКІРЛЕР