16 шілдеде Украинада мемлекеттік тіл туралы заң күшіне енді. Құжат мәтіні екі ай бұрын ресми баспасөзде жарияланған.
"Украин тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуін қамтамасыз ету туралы" заңы украин тілінің мемлекеттік тіл ретінде мәртебесін көтеріп, мемлекеттік органдар мен қоғамның барлық саласында кеңірек қолданылуын көздейді.
Ендігәрі Украинадағы барлық мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, қызмет көрсету, білім алу және медиа салалары тек украин тілін қолдануы міндетті. Газет пен журналдар өзге тілде шыға алады, бірақ украин тіліндегі де нұсқасы болуы тиіс. Кітапхана, кітап дүкені мен киоскілердегі өнімдердің 50 пайызы украин тілінде болуы керек.
Заңда лауазымды тұлғалардың украин тілін білмегені үшін жаза да қарастырылған.
Заң былтыр 25 сәуірде Жоғарғы радада екінші оқылымда мақұлданған еді. Екінші оқылым алдында депутаттар екі мыңнан аса түзетулерді бірнеше апта бойы талқылап енгізген. Бұл заңға биыл 15 мамырда қызметінен кетіп жатқан президент Пётр Порошенко қол қойған.
Ал сайланған жаңа президент Владимир Зеленский бұл құжаттың адам құқығы принциптеріне қаншалықты сай екенін байқап көретінін айтқан.
ПІКІРЛЕР