Қырғызстан ішкі істер министрінің орынбасары Мирлан Каниметов айқындалмаған қылмыстық іс аясында үш мәрте тергеуге шақыруды елең қылмаған бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевтың резиденциясына барды.
Атамбаевтың көмекшісі Кундуз Жолдубаева Азаттыққа Мирлан Каниметов пен ішкі істер министрлігінің бірнеше өкілі 22 шілде күні бұрынғы президенттің Кой-таш ауылындағы резиденциясына келіп-кеткенін айтты.
Жолдубаеваның сөзінше, Атамбаев Каниметовпен сөйлесуге шықпай қойған, оның орнына көмекшісі шығып сөйлескен.
- Адвокатымыз бұған дейін жариялаған позициямызды қайталап айттым. Министрлікке де хабарлағанбыз. 27 маусым күнгі Алмазбек Атамбаевты президенттік тиіспеушілік хақынан айыруға дауыс берген парламент шешімін заңсыз деп санаймыз, - деді Жолдубаева.
Оның сөзінше, Каниметов көмекшінің мәлімдемесін түсінгенін айтып, резиденциядан кетіп қалған.
22 шілде күні іле-шала Атамбаев аты-жөні аталмаған адамдардың шақыруымен 24 шілдеде Ресейге екі күнге бара жатқанын мәлімдеді.
Өткен аптада Атамбаев үшінші мәрте ішкі істер министрлігінің тергеуге шақыруын елемей қойған. Осыдан кейін оған тергеу амалдары үшін қамалу қаупі төнген.
Қырғызстанның бұрынғы президентіне қызметте жүріп жемқорлыққа жол берді, өкілетін асыра пайдаланды және заңсыз түрде байыды деген сияқты жалпы саны бес айып тағылған.
Атамбаев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, үстінен ашылған істің саяси астары бар деп мәлімдеген.
Қырғызстан заңы бойынша екі мәрте тергеуге шақыруды елең қылмаған адам жауаптауға күшпен әкелінеді. Бірақ Бішкек әзірше Атамбаевты қамауға алу әрекетіне бармай тұр.
Атамбаевтың адвокаты Сергей Слесарев биылғы мамырда президенттің тиіспеушілік хақы туралы Қырғызстан заңына енгізілген өзгеріс конституцияға қайшы деп мәлімдеген.
Қырғызстан парламенті депутаттарының басым көпшілігі бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты тиіспеушілік хақынан айыруды жақтап дауыс берген еді.
27 маусым күнгі дауыс беруден соң Атамбаев Кой-Таштағы резиденциясынан көп шықпаған. Ол қаруы бар екенін ескерткен.
3 шілде күні Атамбаев Бішкекте мыңға жуық жақтасы ұйымдастырған шеру алдында сөз сөйлеп, ішкі істер министрлігі таққан айыптарды алып тастауды талап еткен.
ПІКІРЛЕР