Accessibility links

БАҚ: Усама бен Ладеннің ұлы қаза болған


АҚШ мемлекеттік департаментінің Twitter-де жариялаған хабарламасындағы Хамза бен Ладеннің суреті.
АҚШ мемлекеттік департаментінің Twitter-де жариялаған хабарламасындағы Хамза бен Ладеннің суреті.

АҚШ-тың бірқатар басылымдары 31 шілдеде "Әл-Қаида” террористік ұйымының негізін қалаған Усама бен Ладеннің ұлы Хамза бен Ладеннің мерт болғанын хабарлады. Баспасөз құралдары АҚШ әкімшілігіндегі аты-жөнін атамаған дереккөзге сілтеме жасаған.

NBC News Ақ үйдің АҚШ әскерилері қатысқан арнайы операцияда Хамза бен Ладеннің шынымен қаза болғанына сенімді екенін хабарлады.

New York Times басылымының жазуынша, арнайы операция соңғы екі жыл бойы жүргізілген, бірақ осы күнге дейін Усама бен Ладеннің ұлының қазасына дәлел болмаған.

Бұған дейін АҚШ мемлекеттік департаменті жас шамасы отыздан енді асқан Хамза бен Ладен "Әл-Қаида" ұйымындағы әкесінің орнын басуды көздеп отыр деп хабарлаған. Осыдан кейін АҚШ билігі биыл ақпанда оны ұстауға көмектесетін ақпарат үшін миллион доллар сыйақы тағайындаған.

Мұның алдында Хамза бен Ладен интернет арқылы аудио және видео үндеу жариялап, АҚШ-қа шабуыл жасауға шақырған.

Усаба бен Ладеннің тағы бір ұлы әкесін ұстау бойынша жүргізілген операция кезінде қаза болған. Ал үшінші ұлы "Әл-Қаидаға" араласпаған.

Сауд Арабиясының "Ум әл-Кура" басылымының хабарлауынша, биыл наурызда Хамза бен Ладен өзі туып-өскен осы елдің азаматтығынан айрылған.

Усама бен Ладеннің өзін АҚШ-тың арнайы жасақ өкілдері 2011 жылы мамыр айында Пәкістанда атып өлтірген болатын.

АҚШ-та Хамза бен Ладенді "Әл-Қаида" террористік тобы жетекшілерінің бірі деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG