Accessibility links

Трамп Ресейге жаңа санкция салу бұйрығына қол қойды


АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Мәскеудің 2018 жылғы наурыз айында Ұлыбританияда тұратын бұрынғы ГРУ офицері Сергей Скрипаль мен оның қызын улауға қатысы бар деген негізде Ресейге санкция салу туралы бұйрыққа қол қойды.

1 тамызда қол қойылған бұйрық - Ресейдің "новичок" атты жүйке жүйесіне әсер ететін жойқын у қолдануға қатысы бар екені анықталған соң Химиялық және биологиялық қару-жарақты бақылау мен жою актісінің негізінде Мәскеуге салынған санкцияның екінші бөлігі.

Жаңа санкция АҚШ банктеріне Ресей үкіметіне азық-түлік пен азық-түлікке қатысты ауылшаруашылық өнімдерін сатып алудан басқа ешбір салада несие бермеуді міндеттейді.

АҚШ-тың ресейлік компанияларға берген банк несие көлемі Кремль Қырымды аннексиялап алғанға дейінгі 45 миллиард АҚШ долларынан биыл 10 миллиард долларға дейін азайып кеткен.



Жаңа санкция туралы комментарий берген Ресейдің сыртқы істер вице-министрі Сергей Рыбаков АҚШ-тың шешімін 2020 жылы өтетін президент сайлауынан көріп, "таң қалмағанын" мәлімдеді.

АҚШ-тың мемлекеттік департаменті 2018 жылғы тамызда Ресей 1991 жылы қол қойған Химиялық және биологиялық қару актісін Скрипаль ісі кезінде бұзды деп танып, санкция салған еді. Ол кезде АҚШ-тың Ресейге гуманитарлық көмек беруіне, қорғаныс пен қауіпсіздік тауарларын сатуына, Ресей экспорты үшін үкіметтің несие беруіне тыйым салынған.

Кремль Скрипальді улау ісіне қатысы жоғын мәлімдеп келеді. Бұл шабуылдан соң АҚШ-пен бірге Еуропа Одағы елдері де Мәскеуге санкция салып, ондаған ресейлік дипломатты елден шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG