Қытайдың Бішкектегі елшілігі Қырғызстанның Солтон-Сары кен орнында жергілікті тұрғындар мен қытайлық компания жұмысшылары арасында болған жанжалға байланысты мәлімдеме таратты. Онда бұл оқиғаның "компания мен оның жұмысшыларына экономикалық және физикалық зиян тигізгені" айтылған деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі..
Жанжал салдарынан ондаған адам зардап шеккен. Сейсенбіде Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі дәрігер көмегін алғаннан кейін Нарын облыстық бірлескен ауруханасынан шыққан қытайлық компанияның 19 жұмысшысының денсаулық жағдайы қанағаттанарлық деген ақпарат таратқан. Жанжал кезінде зардап шеккен жергілікті бір тұрғын ауруханада ем алып жатыр деп хабарланды.
Сонымен бірге жанжал кезінде жарақаттанған шетелдік компанияның 28 жұмысшысы Бішкектің травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталығына қаралған. Алғашқы медициналық жәрдем көрсетілгеннен кейін оларды амбулаториялық ем алуға жіберген.
Қытайдың Бішкектегі төтенше және өкілетті елшісі Ду Дэвэнь зардап шеккендердің халін сұрап, ауруханаға барып шыққан. Қытай елшілігі жанжалға байланысты алаңдаушылық білдіріп, Қырғызстанға талабын жеткізген.
"Біз қырғыз тарапынан зардап шеккендерге барынша медициналық көмек көрсетуді, оқиғаны түбегейлі тексеруді, кінәлілерді қатаң жазалауды, оқиғаны әділ және дұрыс реттеуді талап етеміз. Қытай тарабы Қырғызстан үкіметі мен тиісті ведомстволарынан қытай компанияларының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғайтын, Қытай азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермейтін пәрменді шаралар қабылдауын сұрайды" делінген елшілік мәлімдемесінде.
5 тамызда Қырғызстанның Нарын облысындағы Солтон-Сары кен орны маңына жүздеген жергілікті тұрғын жиналып, кенішті игеру жұмыстарын атқарып жатқан қытайлық Jhong ji Mining компаниясы жұмысшыларының Солтон-Сарыдан кетуін талап еткен. Оқиға болған жерден Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшісінің хабарлауынша, наразылық жанжалға ұласып, салдарынан шетелдік компания жұмысшылары зардап шеккен.
Оқи отырыңыз: Қытай компаниясы жұмысшыларымен жанжалда ондаған адам зардап шекті
Солтон-Сарыға тамыздың 6-сы күні таңертең Қырғызстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Кубатбек Боронов, ішкі істер министрі Кашкар Жунушалиев және мемлекеттік жаза орындау қызметінің жетекшісі Мелис Турганбаев барған. Үкімет шенеуніктері мен жергілікті билік өкілдері сол жерге жиналған тұрғындармен келіссөз өткізуге талпынған еді. Бірақ тұрғындар "қытайлық компания жұмысшылары кен орнынан кетсін және жұмыс тоқтатылсын" деген талап қойған.
Қытайдың Jhong ji Mining компаниясы Қырғызстанның Солтон-Сары кен орнында геологиялық барлау және кенішті игеру жұмыстарымен айналысуға лицензияны 2012 жылы алған. Биыл компания кен орны маңында алтын өндіретін комбинат құрылысын салуды жоспарлап отыр. Компанияда 160-тай жергілікті тұрғын жұмыс істейді.
ПІКІРЛЕР