Accessibility links

Адвокат: Атамбаевқа 14 айып тағылды


Алмазбек Атамбаев.
Алмазбек Атамбаев.

Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевқа тағылған айыптардың саны 14-ке жетті. Бұл туралы 15 тамызда Атамбаевтың адвокаты Сергей Слесарев хабарлады.

«Кой-Таштағы жер телімі бойынша екі іс қозғалғаны туралы естідік. Бірі – жалға берілген жер, екіншісі – жекеменшік жер. Айып тағылған туралы анықтама тапсырған сәтте Атамбаевтың жанында болдым. Ол куәлік етуден және анықтама алғаны туралы қағазға қол қоюдан бас тартып отыр» деді Слесарев.

8 тамызда Қырғызстанның күштік құрылымдары Кой-Ташта жүргізген екінші операциядан кейін елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты ұстады.

7 тамызда болған алғашқы операция сәтсіз аяқталған еді. Операция салдарынан туындаған тәртіпсіздік кезінде ондаған адам жараланды, бір адам қаза тапты. 8 тамыз күнгі жанжал кезінде де бірнеше адам жараланған. Олардың төртеуі - полицей.

Кейін елдің күш құрылымдары Атамбаевқа "тәртіпсіздіктер ұйымдастыру", "заңсыз қару айналымы", "тергеуге кедергі жасау", "кепілге адам алу", "кісі өлтіру" және "адам өлтіруге оқталу" баптары бойынша айыптар тағып, қамауға алған.

27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған. Кейін ІІМ Атамбаевты тергеуге шақыра бастады. Үш рет шақырту жібергенімен тергеуге бармаған Атамбаевты министрлік арнайы операция жүргізіп, күштеп әкелуді тапсырған.

Қырғызстанның бұрынғы президентіне қызметте жүріп жемқорлыққа жол берді, өкілетін асыра пайдаланды және заңсыз байыды деген сияқты жалпы саны бес айып тағылған. Прокуратура Атамбаев қылмыстық топтар арасында танымал Азиз Батукаевтың заңсыз босатылуымен байланысты істе куәгер ретінде танылғанын мәлімдеген.

Атамбаев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, өзін тергеуге шақырудың саяси астары бар деп мәлімдеген. Ол Азиз Батукаевты босатуға қатысы жоғын да айтқан. Бішкек бұл айыптардың саяси астары бар дегенмен келіспейді.

Атамбаев Қырғызстанды 2011-2017 жылдары басқарған. Оның орнына билікке 2017 жылдың соңында сайлау жолымен Сооронбай Жээнбеков келген.​

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG