Германия үкіметі үшін Ұлыбританияның Еуропа одағынан келісімсіз шығуы күтпеген жайт болмайды деп мәлімдеді Германия канцлері Ангела Меркель. Ол бұл туралы 18 тамызда Берлинде Германия үкіметіндегі ашық есік күніне байланысты сөйлегенде айтқан.
Меркельдің пікірінше, Ұлыбританияға Еуроодақ құрамынан келісімге сай шыққаны ұтымды болмақ. Бірақ, егер оған қол жетпесе, онда Германия "өзге варианттарға" да дайын екенін айтты канцлер деп хабарлайды Deutsche Welle.
Бұған дейін Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон егер тіпті Еуроодақтан келісімсіз шығуға тура келсе де, өз елі 31 қазанға дейін одақ құрамынан бәрібір шығатыны туралы бірнеше рет мәлімдеген.
Британ лейбористік партиясы лидері Джереми Корбин үкіметтің Брюссельмен келісім жасамай одақ құрамынан шығып кетуге өкілеттігі жоқ деп санайды. Корбин бұл туралы 14 тамызда оппозициялық партиялар жетекшілері мен британ парламенті депутаттарына хатында жазған. Ол бұған жол бермеу үшін премьер Борис Джонсонға сенім мәселесін дауысқа салуды ұсынған.
ПІКІРЛЕР