Accessibility links

Қырғыз жоғарғы соты Текебаев пен Чотоновтың ісін қайта қарауға жіберді


"Ата-Мекен" партиясының жетекшісі Омурбек Текебаев пен бұрынғы елші Дуйшенкул Чотонов сотта тұр. 20 маусым 2017 жыл.
"Ата-Мекен" партиясының жетекшісі Омурбек Текебаев пен бұрынғы елші Дуйшенкул Чотонов сотта тұр. 20 маусым 2017 жыл.

Қырғызстан жоғарғы соты 21 тамызда "Ата-Мекен" партиясының жетекшісі Омурбек Текебаев пен Қырғызстанның Оңтүстік Кореядағы бұрынғы елшісі Дуйшенкул Чотоновтың ісінде жаңа жайттардың анықталуына байланысты оны қайта қарау үшін Бішкектің Первомай аудандық сотына жолдады деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі. Текебаев пен Чотоновты айыпты деп тану туралы бұған дейін шыққан сот үкімінің күші жойылды.

Сот барысында адвокат Таалайгүл Токтакунова істің саяси астары барын, сот депутаттардың, бұрынғы үкімет мүшелері мен саясаткерлердің берген куәліктерін назарға алмағанын айтқан.

Заңгерлердің сөзінше, жаңа қылмыстық процестік кодекс бойынша енді Текебаев пен Чотонов күдікті саналатындықтан екеуін тергеу абақтысына ауыстырады. Адвокаттар сотқа қамауда отырған екеуіне басқадай бұлтартпау шарасын белгілеуді сұрап өтініш бермекші. Сонымен бірге, Текебаевқа бұған дейін сот шығарған үкімнің күші жойылғандықтан оған депутаттық мандатын қайтарып беру мәселесі де қаралуы мүмкін. Әзірге адвокаттары бұл туралы пікір айтқан жоқ.

Сегіз жылға сотталған саясаткерлердің қорғаушылары сот кезінде Текебаев пен Чотоновқа қарсы куәлік еткен ресейлік кәсіпкер Леонид Маевскийдің жалған сөйлегеніне дәлел бар деп мәлімдеген. Бұған дейін Текебаевтың адвокаттары бас прокуратураға істі қайта қарау туралы өтініш тапсырған. Бірақ прокуратура оны қараудан бас тартып, қорғаушыларға Қырғызстан жоғарғы сотына жүгінуге кеңес берген.

Оқи отырыңыз: Қырғыз оппозиционері Омурбек Текебаевтың басы тағы дауға қалды

2019 жылдан бастап Қырғызстанда жаңа кодекстердің күшіне енуіне байланысты жоғарғы сот биылғы 3 мамырда Омурбек Текебаев пен Дуйшенкул Чотоновтың ісін қайта қараған болатын. Жаңа заң баптары сот кескен жазаны жеңілдетуге мүмкіндік береді. Тараптардың уәжін тыңдағаннан кейін жоғарғы сот Текебаев пен Чотоновтың үкімін күшінде қалдырып, істі Первомай аудандық сотына қайта қарауға жіберуді сұраған адвокаттардың өтінішін қанағаттандырмаған еді. Бірақ үкімнің сотталушылардың мүлкін тәркілеу туралы бөлігін өзгерткен.

"Ата-Мекен" партиясының лидері, Қырғызстан парламентінің экс-спикері, бірнеше мәрте парламент депутаты болып сайланған Омурбек Текебаев пен Қырғызстанның Оңтүстік Кореядағы бұрынғы елшісі Дуйшенкул Чотонов "2010 жылы "Мегаком" компаниясы акцияларын сатып алуға болысу үшін Ресей азаматы Леонид Маевскийден 1 миллион доллар алған" деген күдікпен 2017 жылғы ақпанда ұсталған. Сол жылы тамызда сот екеуін сегіз жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған.

Текебаев пен Чотонов өздеріне тағылған айыптарды мойындамайды. Олар елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың пәрменімен саяси қудалауға ұшырағаны туралы мәлімдеген. Текебаевтың жақтастары Атамбаевтың тұсындағы билік оны президент сайлауына қатыстырмас үшін қудалады деп санайды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG