Accessibility links

Францияда "Үлкен жетілік" саммиті өтіп жатыр


АҚШ президенті Дональд Трамп (сол жақта) пен Франция президенті Эммануэль Макрон. Биарриц, Франция, 24 тамыз 2019 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп (сол жақта) пен Франция президенті Эммануэль Макрон. Биарриц, Франция, 24 тамыз 2019 жыл.

Францияның оңтүстігіндегі Биарриц қаласында әлемдегі экономикасы дамыған жеті мемлекет - АҚШ, Германия, Жапония, Италия, Канада, Ұлыбритания және Франция басшыларының қатысуымен саммит өтіп жатыр. 24 тамызда ашылған "Үлкен жетілік" (G7) саммиті дүйсенбіге дейін жалғаспақ. Бұл жиынға қонақ ретінде қатысатын Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди G7 мүшелерімен Кашмирдегі жағдайды талқыламақ.

Сенбі күні Францияның оңтүстік-батысындағы Юррунь коммунасында ғаламдандыру саясатына қарсы шеруге шыққандар мен полиция арасында қақтығыс болған. Төрт полиция қызметкері мен жеті белсенді зардап шегіп, 17 наразы азамат ұсталды деп хабарлады француз полициясы. Франция президенті Эммануэль Макрон наразылық шеруіне шыққандарды "сабыр сақтап, келісімге келуге" шақырған. Ол саммит қатысушылары климаттың өзгеруі мен әлеуметтік теңсіздік мәселелерін талқылайтын болады деп мәлімдеген. "Бұл проблемаларды бірлесіп шешуіміз керек" деген Макрон.

Биаррицтегі саммит АҚШ пен Қытай арасында сауда соғысы шиеленіскен тұста басталды. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп егер Париж америкалық интернет компанияларына табыс салығын енгізетін болса, онда Вашингтон француз шараптарына баж салығын көбейтеді" деп ескерткен. Сенбі күні түскі ас кезінде Макронмен әңгімеде Трамп Франция президенті екеуіне ортақ мәселе көп екенін айтты деп хабарлады халықаралық француз радиосы.

Сенбі күні Эммануэль Макрон отандастарына үндеуінде саммит кезінде "Үлкен жетіліктегі" әріптестерін сауда соғысына жол бермеуге көндіруге тырысатынын мәлімдеген. Бұған қоса Макрон Трампты қоршаған ортаны қорғау хартиясына қол қоюға үгіттемек.

Саммитке келерден бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейді "Үлкен жетілік" құрамына қайтару "орынды болады" деген пікірін тағы да айтқан. Бірақ Германия канцлері Ангела Меркель мен Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Украинаның шығысындағы дағдарысты реттеуге қатысты міндеттемелерін орындамағандықтан Ресейді саммит қатарына қайта қабылдауға әлі ерте деп мәлімдеген.


Әлемде экономикасы мен қаржы көлемі бойынша алдыңғы орындарда болмаса да Ресей 1997 жылы G7 тобына сол кездегі АҚШ президенті Билл Клинтон мен Ұлыбритания премьер-министрі Тони Блэрдің ұсынысы бойынша қабылданған. Мұндай ұсыныс Ресейді демократиялық институттар мен нарық экономикасын дамытуға ынталандыру мақсатында жасалған. Ал 2014 жылы Мәскеудің Қырымды аннексиялап алуына байланысты Батыс елдері алғашқы санкциялардың бірі ретінде Ресейдің G8 тобына мүшелігін тоқтатуды ұйғарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG