АҚШ президенті Дональд Трамп 2020 жылы АҚШ-та өтетін "Үлкен жетілік" (G7 деп та аталады) саммитіне қатысуға Ресейге шақыру жіберуі мүмкін екенін айтты.
"Мен, әрине, оны шақырар едім" деп мәлімдеді Трамп 26 тамызда Францияның Биарриц қаласында аяқталған саммит қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында. Ол сонымен бірге саммитке шақыру Путинді қиын жағдайда қалдыратындықтан Ресей президенті келмеуі мүмкін деген пікір айтты. "Ол тәкаппар адам" деді Трамп.
Трамп Ресейді "Үлкен жетілік" тобына қайтару орынды болады деп санайтыны туралы бұған дейін де бірнеше рет мәлімдеген. "Мен, әрине, мұндайды қолдар едім. Ресейдің [G7 тобында] болғаны абзал. Менің ойымша, бұл "Үлкен сегіздік" болғаны жөн, өйткені біз талқылайтын мәселелердің көбі Ресейге де қатысты" деген Трамп Франциядағы саммитке келер алдында, 21 тамызда Ақ үйде журналистердің қойған сұрағына берген жауабында.
Бірақ Германия канцлері Ангела Меркель мен Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Украинаның шығысындағы дағдарысты реттеуге қатысты міндеттемелерін орындамағандықтан Ресейді саммит қатарына қайта қабылдауға әлі ерте деп мәлімдеген.
G7 тобына АҚШ, Германия, Жапония, Италия, Канада, Ұлыбритания мен Франция сынды дамыған елдер мүше. Экономикасы мен қаржы көлемі бойынша әлемде алдыңғы орында болмаса да Ресей 1997 жылы сол кездегі АҚШ президенті Билл Клинтон мен Ұлыбритания премьер-министрі Тони Блэрдің ұсынысы бойынша қабылданған. Мұндай ұсыныс Ресейді демократиялық институттар мен нарық экономикасын дамытуға ынталандыру мақсатында жасалған. Ресей қосылған соң бұл топ "Үлкен сегіздік" деп аталған.
2014 жылы Мәскеу Қырымды аннексиялап, Украинаның шығысында үкімет күштері мен ресейшіл сепаратистер арасында қарулы жанжал басталғаннан кейін өзге елдер Ресейді аталған топтан шеттетуді ұйғарған. Батыс елдері Ресейді Украинаның егемендігіне қол сұғып, Қырымды заңсыз өзіне қосып алып халықаралық құқықты бұзды, Донбастағы сепаратистерге қолдау көрсетеді деп айыптайды. АҚШ арнайы қызметі Мәскеу 2016 жылғы АҚШ президенті сайлауына араласқан деп санайды. Сонымен бірге Батыс елдері Кремльді Ресей мен шетелдегі, соның ішінде Ұлыбритания мен Еуропаның өзге елдердіндегі бәсекелестерінің көзін жоюға тапсырыс берген деп айыптайды.
Мәскеу бұл айыптардың барлығын жоққа шығарады.
ПІКІРЛЕР