Accessibility links

Шымкентте алғашқы Конституцияны қайтаруды талап етті


Шымкентте он шақты белсенді елге алғашқы Конституцияны қайтаруды талап етіп, акция өткізді. Шымкент, 30 тамыз 2019 жыл.
Шымкентте он шақты белсенді елге алғашқы Конституцияны қайтаруды талап етіп, акция өткізді. Шымкент, 30 тамыз 2019 жыл.

Шымкентте он шақты белсенді 1993 жылы қабылданған конституцияны референдум арқылы қайтаруды талап етіп, "Сайлау туралы" заңды өзгерту қажеттігін айтты. Қолдарына "Мұхтар Жәкішевке бостандық!" деген жазуы бар плакат, полицейлердің наразылыққа шыққандарды ұстап жатқан сәті бейнеленген суреттерді ұстап шыққан азаматтар қазіргі конституцияның қарапайым азаматтарды қорғамайтынын, елде заңдардың дұрыс жұмыс істемей жатқанын айтты.

- Неге бізде әрбір екі жарым жыл сайын конституция өзгеріп тұрады? Ата заңымыз Назарбаевтың "черновигіне" айналып кетті.1998 жылы өзгертулер, толықтырулар енгізілді. 2007 жылы тағы өзгертілді. 2011, 2017 жылдары... Жыл сайын-дерлік қолын сұғады. Өз мүддесіне қарай өзгертеді. Бұл болмайтын нәрсе. 1993 жылғы Конституция қайтарылсын не халық мүддесін қорғайтын жаңа конституция қабылдансын. 1993 жылы "бейбіт жиын өткізу" туралы 12-бап болған. 20-бапта тіпті шерулерге де рұқсат етілген еді, - деді жергілікті белсенді Дәулет Насыров.

Акцияға келгендердің бірі Нұржан Әбілдаев 30 тамыз - конституция күні болып белгіленгенмен елде мерекелік көңіл-күй сезілмейтінін, халықтың заңсыздықтардан мезі болғанын айтты.

- Кезінде Назарбаев "бізде заң жұмыс істеп жатыр, елде саяси тұтқындар жоқ" деп айтты. Ал елде жерді қорғаған Арон Атабек түрмеде отыр. Экономиканың ахуалын көтерген Мұхтар Жәкішев түрмеде отыр. Қытайлықтарға жер берілуіне қарсы болған азаматтар түрмеде. Олар неге түрмеде отыр? Егер бізде Конституция болса, неге ол халықтың мүддесін қорғамайды? Неге бізде жалақы төмен? Неге жас отбасылар ажырасып жатыр? Неге жас отбасылар пәтер жағалап жүр? Білім сапасы неге нашарлап кетті? Бәрі ақшамен шешіледі. Қазір барлық жерде ақша, тамыр-таныстық шешеді. Конституцияда мұның ешқайсысы жазылмаған. Елде басқа "заң" жұмыс істеп тұр. Егер конституция жұмыс істемесе, демек оны өзгерту керек, жаңарту керек, - деді ол.

ВИДЕО: Белсенді Нұржан Әбілдаевтың акция кезінде айтқаны (30 тамыз 2019 жыл).

Конституция күнгі Шымкенттегі акция
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:37 0:00

Жиналғандар акция кезінде бұдан бөлек, өздері бастан кешкен заңсыз әрекеттерден мысал келтіріп, пікірлерін айтты. Акцияны полиция қызметкерлері сырттай бақылап тұрды. "Абай" саябағына жиналғандар шамамен бір жарым сағаттан соң тарап кетті.

30 тамыз Қазақстанда Конституция күні аталып өтеді. 1995 жылы қабылданған конституцияның құрметіне елде демалыс жарияланған.

1995 жылы қабылданған конституцияға 23 жыл ішінде бірнеше рет ірі өзгеріс енгізілді. 2017 жыл қаңтар айында елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев жергілікті телеарнадан сөйлеп, өзіне тиесілі бірқатар өкілеттіліктерді парламент пен үкіметке беретінін айтты. Ол бұл ниетін "қазіргі заман талаптары" мен "демократиялық реформалар рухына" сәйкес болу мақсатымен түсіндірді. Конституцияға енгізілетін өзгерістерді парламент екі жұмыс күні ішінде мақұлдады. Биліктің айтуынша, бұл өзгерістер елдің жағдайына қатысты парламент пен үкіметтің жауапкершілігін күшейтеді. Ал кейбір халықаралық ұйымдар реформаны "ескі фасадқа жағылған тағы бір қабат бояу" деп атады.

Кейбір сарапшылар Қазақстан конституциясын "елдің дамуының тірегі болды, тұрақтылықтың кепілі, бұл мемлекеттегі адам құқықтарын қамтамасыз еткен басты құжат" деп сипаттаса, кей белсенділер мен саясаткерлер елді авторитарлық режимге кіріптар еткен құжатты даму жолындағы кедергі санайды.

Саяси оппоненттері Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары билікте отырған кезде Қазақстан Конституциясын өзіне ыңғайлап, оған толықтырулар мен өзгерістер енгізуді әдетке айналдырғанын айтады. Мысалы, 1998 жылғы қазан айында Конституцияға бірден 19 түзету енгізілген соң 1999 жылы қаңтарда кезектен тыс президент сайлауы өтті.

2007 жылы мамырда Конституцияға енгізілген кезекті түзетулердің арқасында Нұрсұлтан Назарбаев президент сайлауына еш шектеусіз түсе беретін айрықша құқыққа иеленді. Кейінірек "Қазақстанның тұңғыш президенті" деген ресми атаққа ие болып, іс жүзінде қылмыстық қудалауға жатпайтын тұлғаға айналған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG