Қарағанды қаласындағы тергеу изоляторында 4 қыркүйекте "Древний Рим" мейрамханасында биыл қаңтардың 1-іне қараған түні болған төбелеске байланысты алдын ала сот тыңдауы өтті. 23 жастағы жергілікті тұрғын қаза тапқан оқиғаның соңы Қарағандыда ірі наразылыққа ұласқан.
Көшпелі сот тыңдауы өткен АК-159/1 мекемесі алдында таңертеңнен бері көп полиция қызметкері жүрді. 13 айыпталушының бәрі "топ болып, бұзақылық жасады" деп айыпталып отыр. Юсиф Н. есімді айыпталушыға "бұзақылық" бабымен қатар "адам өлтіру" бабы бойынша да айып тағылған.
12 айыпталушы қамауда: Арман және Хачатур О., ағайынды Юсиф және Васиф Н., Давид Г., Армен Х., Каир Н., Болат Ж., Сохак М., Тигран С., Торгом М., Жасур П. Тағы бір сотталушы Илья Щ.-ға бас бостандығын шектеумен байланысты емес бұлтартпау шарасы қолданылған. Айыпталушылар - 19 бен 46 жас аралығында.
Алғашқы сот тыңдауы кезінде айыпталушылар мен олардың адвокаттары іс материалдарында "заңбұзушылықтар" болғандықтан істі прокуратураға қайтару туралы өтініш жасады. Олар сонымен бірге қамаудағы азаматтарды босатуды сұрады. Жәбірленушілер бұл өтінішті қолдамады.
13 айыпталушының бірі алдын ала сот тыңдауы кезінде өзін азаптағанын айтты.
- Мені ұстау кезінде ұрып-соқты және мойындауға мәжбүрледі. Мен мойындаған жоқпын. Бұған қоса, тінту кезінде пәтердегі кір жуғыш мәшінеге пышақ салып жіберді, - деді айыпталушы Каир Н.
Судья Шәріп Сисембаев өтінішке байланысты шешім шығару үшін 6 қыркүйекке дейін үзіліс жариялайтынын айтып, шығып кетті. Судья азаптау бойынша жеке шешім қабылданатынын жеткізді.
Биылғы 1 қаңтарға қараған түні Қарағанды қаласындағы "Древний Рим" мейрамханасы алдында екі топ арасындағы төбелес кезінде 23 жастағы Рақымжан Жансейіт пышақталып, мерт болған. Үш адам ауруханаға түскен.
Полиция болжамы бойынша, меймандарға мейрамхананың жабылатыны туралы айтылған ескертуден кейін бір-бірімен сөзге келісіп қалғандар кейін есік алдына шығып төбелескен. Қантөгіспен аяқталған бұл оқиға қалада резонанс туғызып, Қазақстаннан тыс жерде де оған реакция танытқан. Оған төбелеске армян диаспорасы өкілдерінің қатысқаны жайлы мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде тараған ақпарат себеп болған. Қазақстан мен Армения биліктері бұл оқиғаны тұрмыстық жанжал деп атап, "оған ұлтаралық сипат беруге тырысудан бас тартуға" шақырған.
Рақымжан Жансейіт жерленгеннен кейін қоғам өкілдері оның қазасына байланысты тергеу жайлы ақпарат беруді талап етті. 6 қаңтарда Қарағанды қаласының орталығына жүздеген адам жиналып, "істі әділ тергеуді" талап етті. Наразылармен кездескен облыс әкімі Ерлан Қошанов істің соңына дейін тексерілетінін айтып, "әкім ретінде, президенттің өкілі ретінде де" уәде берді. Әкім "күдіктілердің бірі 1 қаңтар кешкісін Ресейге кетіп қалған" деп хабарлады. 7 қаңтарда интернетте жарияланған видеоүндеуде қылмысқа күдікті ретінде іздеу жарияланған адам мейрамхана алдындағы төбелеске қатысқанын, бірақ "ешкімді өлтірмегенін" мәлімдеген. Ол билікке берілуге дайын екенін айтып, әділ тергеу жүргізуді сұрады. Оған жауабында Қазақстан ішкі істер министрлігі "объективті тергеу жүргізуге" уәде беріп, күдіктіге өз еркімен берілу туралы ұсыныс жасады. Кейін ішкі істер министрлігі ол адамның Ресейде ұсталғанын хабарлаған еді. Жәбірленуші тараптың адвокаты Азаттыққа "күдіктіні экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатқанын" хабарлаған болатын.
ПІКІРЛЕР