Accessibility links

Грузияның жікшіл аймағындағы сайлауда Рауль Хаджимба озды


Абхазия республикасы орталық сайлау комиссиясының баспасөз орталығы. Сухуми, 8 қыркүйек 2019 жыл.
Абхазия республикасы орталық сайлау комиссиясының баспасөз орталығы. Сухуми, 8 қыркүйек 2019 жыл.

Грузияның сепаратистік аймағы Абхазия республикасында 8 қыркүйекте өткен президенттік сайлаудың екінші кезеңінің алдын ала қорытындысы бойынша, Рауль Хаджимба көп дауыс жинады.

Республикалық орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, жексенбіде дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 47,3 пайызы Рауль Хаджибманы қолдаған. Оның бәсекелесі, оппозициялық "Амцахара" партиясының жетекшісі Алхас Квицинияны сайлаушылардың 46, пайызы жақтаған. Үш мыңнан астам сайлаушы екі кандидатқа қарсы дауыс берген. 25 тамызда өткен сайлаудың бірінші кезеңінде Хаджимба - 24,83 пайыз, Квициния - 22,91 пайыз дауыс алған болатын.

Квицинияның сайлау штабы сайлаудың ресми қорытындысымен келіспейтінін мәлімдеген.

Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, дауыс беруге сайлаушылардың 66 пайызы қатысқан. Өзін өзі жариялаған республикада 100 мыңнан астам сайлаушы бар деп саналады.

61 жастағы Рауль Хаджимба совет билігі тұсында мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде (КГБ) қызмет атқарған. 2014 жылы 1 маусымда Абхазияның сол кездегі президенті Александр Анкваб жаппай наразылықтардан кейін отставкаға кетуге мәжбүр болып, сол жылы 24 тамызда кезектен тыс өткен сайлауда Хаджимба Абхазия президенті болып сайланған.


Грузия мен сепаратистік аймақ арасында 1992 жылы тамызда басталған қарулы жанжал бір жылдан астам уақытқа жалғасқан. 1994 жылы екі тарап бітім туралы келісім жасап, жанжал тоқтағаннан кейін Абхазия "тәуелсіздігін" жариялаған. Тбилиси оны мойындамайды.

2008 және 2009 жылдары Ресей мен тағы бірнеше мемлекет Абхазияның тәуелсіздігін таныған. БҰҰ мүше елдердің көбі Абхазияны Тбилисидің құрамдас бөлігі деп санайды.

Ресми Тбилиси Абхазияда сайлау өткізуді Грузияға басқыншылықты заңдастыруға талпыныс деп атайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG