Accessibility links

15 күнге қамалған Геннадий Крестьянский аштық жариялады


Алматыдағы Лобачевский көшесіндегі арнайы қамау орны. Көрнекі сурет.
Алматыдағы Лобачевский көшесіндегі арнайы қамау орны. Көрнекі сурет.

"Қытай жобаларына қарсы" наразылық акциясына қатысқаны үшін 15 тәулікке қамалған алматылық белсенді Геннадий Крестьянский аштық жариялады. Бұл ақпаратты Азаттық тілшісіне оның адвокаты Салауат Сәскебаев хабарлады.

Оның айтуынша, 19 қыркүйекте кешкі сағат сегіз шамасында Лобачевкий көшесіндегі арнайы қамау орнына барып, Крестьянскиймен кездесе алған.

- Ол Жетісу аудандық прокурорының атына арыз жазды. Онда өзін бір тәулік бойы полиция басқармасында ұстағанын, ауырып бір ауруханадан екінші ауруханаға апарғанын, сотта жағдайы нашарлап, тіпті сөйлей алмағанын, соған қарамастан өзін соттағанын жазды яғни, соңғы екі күнде болған жайттың бәрін баяндап шықты. Ол бұл жайттарды көптің білгенін қалайды, - дейді Салауат Сәскебаев.

"Ол қандай да бір талап айтып отыр ма?" деген сұраққа адвокат "өтініште нақты талап жазбағанын" айтты. Адвокаттың айтуынша, оның жағдайы бұрынғыға қарағанда сәл тәуірлеген.

- Кеше де (19.09) жедел жәрдем көлігін шақыртқан. Қан қысымын өлшеген. Қан қысымы қалыпты депті. Ол тек су ішеді. Бірақ қамау орны қызметкерлері, полиция оның тамақ ішіп жатқанын айтты. Бірақ оның аштық жариялап жатқаны анық. Бұған дейін әйелі де келіп, жағдайын білген, - деді адвокат.

Адвокат 20 қыркүйекте таңертең Жетісу аудандық прокуратурасына барып, Крестьянский арызын тапсырған. "Мөр басып, қабылдап алды" деді Салауат Сәскебаев.

Қамау орнына Азаттық тілшісі хабарласқан кезде телефон тұтқасын алған аты-жөнін атамаған қызметкер "барлық сұрақтарға Алматы қалалық полициясы жауап береді" деп кері ысырды. Алматы қалалық полиция департаментінен жауап ала алмадық.

18 қыркүйек Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты "рұқсат етілмеген акцияға қатысты" деп айыпталған Геннадий Крестьянскийді 15 тәулікке қамаған. Оны полиция 4 қыркүйек күні Алматыда болған "Қытай жобаларына қарсы акцияға қатысқаны үшін" әкімшілік жазаға тартып отыр. Сот кезінде Крестьянскийдің денсаулығы нашарлап, екі рет жедел жәрдем көлігі шақыртылған. Крестьянский мен адвокаты істі денсаулығына байланысты кейінге қалдыруды сұрағанмен өтініштерін сот қанағаттандырмады.

Қыркүйектің 16-сынан бері республиканың түкпір-түкпірінде "Қытай жобаларына қарсы акция" өткізген 30-дан астам белсенді әкімшілік жазаға тартылған. Оннан астам адамды полиция шақырып, жауап алған. Полиция ресми түсініктеме бермеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG