Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясына қатысып, түрлі ел басшыларымен кездесіп жатқан тұста FreeKazakhs (Еркін қазақтар) ұйымы өкілдері БҰҰ-ның ғимараты алдында шеру өткізіп, елдегі саяси тұтқындарды босатуды талап етті. Акция Нью-Йорк уақытымен 23 қыркүйекте күндіз өткен.
- Қытай экспансиясына қарсы шеруге шыққандарды қамаудан босатуды талап еттік. Тоқаев бейбіт митингіге шығатын адамдарды жазаламауға уәде берген. Бірақ сөзінде тұрмады. Бұған қоса, Қазақстандағы саяси тұтқындарды босатуға шақырып, түрмеде заңсыз отырғандарды абақтыдан босатсын дедік. Қытай экспансиясы және Қытайда қамауда отырғандар мәселесін қозғадық, - деді FreeKazakhs ұйымының жетекшісі Ғани Стамбеков Азаттық тілшісіне.
Әлеуметтік желіде тараған видеода "Қазақстандағы диктаторлық режим жойылсын!" (Stop dictatorship in Kazakhstan) деген жазуы бар плакат ұстап тұрған бірнеше адамның Нью-Йорктегі БҰҰ ғимараты маңында "Саяси тұтқындарға бостандық!" деп айқайлап жатқаны көрінеді.
20 қыркүйекте "Азаматтық бастамалар коалициясы" қыркүйек айының басында "Қытай экспансиясына" қарсы акция өткізген немесе қатысқан елу белсендінің әкімшілік жазаға тартылғанын немесе полиция шақырып, жауап алғанын хабарлаған. Белсенділер"Қытай экспансиясы" мәселесінен бөлек, саяси тұтқындарды да босатуды талап еткен.
ІІМ 21 қыркүйекте Қазақстанның бірнеше қаласында "рұқсат етілмеген митингі кезінде" полицияның шамамен 100 адамды ұстағанын хабарлады. Көбін "профилактикалық әңгімеден" кейін босатқан. ІІМ дерегінше, тоғыз адам қамауға алынған, алтауына айыппұл салынған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары 25 қыркүйекке дейін жалғасады. Ол бұрын БҰҰ бас хатшысының орынбасары болып істеген.
ПІКІРЛЕР