Түркия мен АҚШ арасындағы келісімге қарамастан Сирия солтүстігінде түрік әскерилері мен күрд жасақтары арасында соғыс жалғасып жатыр. Бұған дейін Түркия президенті Режеп Ердоғанның АҚШ вице-президенті Майк Пенспен кездесуінен кейін Анкараның әскери операцияны тоқтатуға келіскені жайлы хабар тараған.
Reuters пен жергілікті журналистердің жазуынша, қақтығыс Түркиямен шекарадағы Рас-эль-Айн қаласында жүріп жатыр. Күрдтер түрік әскерилерін келісім шарттарын бұзып, тұрғын үйлерді атқылады деп айыптады. Әзірге зардап шеккендер саны айтылмады.
Түркия президенті Режеп Ердоған жұма күні Сирия солтүстігінде соғыс тоқтағанын мәлімдеген.
17 қазанда Анкарадағы келіссөзден кейін АҚШ вице-президенті Майк Пенс әуелі атыс 120 сағатқа тоқтайды деген. Осы уақыт ішінде күрд жасағы Түркия шекарасындағы 30 шақырымдық аймақтан кетуі тиіс болған. Бұл шартты күрдтер сынағанмен бейбіт режимді сақтауға келіскен.
АҚШ президенті Дональд Трамп Ердоғанды атысты тоқтатуға келіскені үшін мақтады. Бірақ нақты қай аумақта атысты тоқтату режимі сақталуы тиіс екені түсініксіз. Түркия Ефрат өзенінен бастап Ирак шекарасына дейінгі 30 шақырым бөлікті бақылауға алуды көздеп отыр.
Қазір түрік жасақтары бұл аумақтың кішігірім бөлігін ғана бақылайды. Қалған бөлігі күрдтер немесе олармен келіскен Сирия үкіметі әскеріне қарайды.
ПІКІРЛЕР