Арменияның екінші президенті Роберт Кочарян ауруханадан «Ереван-Кентрон» қылмыстық атқару мекемесіне ауыстырылды. Бұл мекеменің Азаттықтың Армян қызметіне хабарлауынша, Кочерянның денсаулығында кінарат жоқ.
Кочарян 8 қазанда «Измирлян» ауруханасына апарылып, ертеңіне операция жасалған.
Роберт Кочарян 25 маусымнан бері қамауда отыр. Оған 2008 жылы 1 наурыздағы оқиға кезінде «Армения конституциялық құрылымын төңкеруге қатысты» және бизнесмен Сильва Амбарцумяннан «аса ірі көлемде пара алды (3 миллион доллар)» деген айып тағылған.
1998-2008 жылдары Армения президенті болған Роберт Кочарян өзіне тағылған айыптарды мойындамайды, қазіргі билік саяси қуғынға салды деп есептейді.
2008 жылы 19 ақпанда өткен Армения президентінің сайлауынан кейін іле шала оппозициядағы кандидат Левон Тер-Петросян бастаған қарсылық акциясы 1 наурызда дейін жетіп, билік күшпен таратқан болатын. 1 наурыздағы қақтығыс кезінде 10 адам өліп, бірнеше адам хабарсыз кеткен, жүздеген адам жарақаттанған. Екі мерзім президент болып сайланған Кочарян ол сайлауға өзі түсе алмаған, ол қолдау білдірген кандидат Серж Саргсян, сайлаушылар дауысы сатып алынғаны және бюллетеньдерді топтап тастағаны туралы шағымдарға қарамастан, президенттік сайлаудың жеңімпазы деп танылған.
Қазіргі Армения қоғамы 2008 жылы болған қақтығысқа айыптылар әлі күнге жазаланған жоқ деп санайды. 2008 жылы наразылық шерулері кезінде тұтқындалған, кейін жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырған деген айыппен жеті жылға сотталып, 2011 жылы рақымшылықпен босап шыққан Никол Пашинян қазір Армения премьер-министрі қызметін атқарып отыр.
ПІКІРЛЕР