Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторында отырған Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Сапар Исаков сот отырысына қатысудан бас тартқан жағдайда мәжбүрлеп келтіріледі. Мұндай шешімді Бішкек жылу электр станциясын модернизациялау кезіндегі жемқорлық ісі бойынша сот процесінің төрайымы, Бішкек қаласы Свердловск аудандық сотының судьясы Инара Гилязеддинова қабылдады.
Исаков 25 қазанда сотқа қатыспайтынын мәлімдеп, камерасынан шығудан бас тартқан. Ол бұл шешімін Бішкек жылу электр станциясын модернизациялау кезіндегі жемқорлық ісі бойынша кейбір куәлердің тергелмегенімен байланыстырған.
Бішкек жылу электр станциясын модернизациялау кезіндегі жемқорлық ісінде жоғары лауазымды шенеуніктер 386 миллион доллар қаржыны талан-таражға салды деген күдікке ілінген. Қамауға алынғандар арасында Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрлері Сапар Исаков пен Жанторо Сатыбалдиев, бұрынғы энергетика министрі Осмонбек Артықбаев, ұлттық энергохолдингтің бұрынғы төрағасы Айбек Қалиев пен орынбасары Жолдошбек Назаров, «Электр станциялары» кәсіпорнының бұрынғы жетекшісі Салайдин Авазов және жылу электр станциясын реконструкциялау жобасыныың бұрынғы орындаушысы Темірлан Бірімқұлов бар. Бұрынғы қаржы министрі Ольга Лаврова үйқамаққа алынған. Оларға Қырғызстан қылмыстық кодексінің «жемқорлық» және «қызмет бабын асыра пайдалану» баптары бойынша айып тағылған.
Жылу электр станциясын (ЖЭС) модернизациялау кезіндегі жемқорлық ісі бойынша сот процесі биыл 19 ақпанда басталған. 5 маусымда Қырғызстан бұрынғы премьер-министрі Сапар Исаков қамауға алынған.
Бішкек жылу электр станциясында жөндеу аяқталған соң бір ай өтпей, 2018 жылы қаңтарында ақау шығып, Бішкек қаласының жартысы жылусыз қалған еді. Осы оқиғадан кейін тергеу басталған.
ПІКІРЛЕР