Accessibility links

Сапар Исаковты сотқа күшпен жеткізді


Қырғызстанның қамауда отырған бұрынғы премьер-министрі Сапар Исаков.
Қырғызстанның қамауда отырған бұрынғы премьер-министрі Сапар Исаков.

Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Сапар Исаковты Бішкектің Свердловск аудандық сотына мәжбүрлеп әкелді. Бұл ақпаратты Азаттықтың Қырғыз қызметіне Сапар Исаковтың адвокаттары Замир Жоошев пен Нұрбек Токтакунов хабарлады.

Адвокаттардың сөзіне қарағанда, Сапар Исаковты сотқа Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері жеткізген. Жоошев мұны "заңды бұзу" деп біледі, "өйткені мұндай іспен сот приставтары айналысуы тиіс" деп санайды.

Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторында отырған Исаковты сот отырысына қатысудан бас тартқан жағдайда мәжбүрлеп әкелу туралы шешімді Бішкек жылу электр станциясын модернизациялау кезіндегі жемқорлық ісі бойынша сот процесінің төрайымы, Бішкек қаласы Свердловск аудандық сотының судьясы Инара Гилязеддинова қабылдаған болатын.

Исаков 25 қазанда сотқа қатыспайтынын мәлімдеп, камерасынан шығудан бас тартқан. Ол бұл шешімін Бішкек жылу электр станциясын модернизациялау кезіндегі жемқорлық ісі бойынша кейбір куәлердің тергелмегенімен байланыстырған.

Жылу электр станциясын (ЖЭС) модернизациялау кезіндегі жемқорлық ісі бойынша сот процесі биыл 19 ақпанда басталған. 5 маусымда Қырғызстан бұрынғы премьер-министрі Сапар Исаков қамауға алынған.

Бішкек жылу электр станциясында жөндеу аяқталған соң бір ай өтпей, 2018 жылы қаңтарында ақау шығып, Бішкек қаласының жартысы жылусыз қалған еді. Осы оқиғадан кейін тергеу басталған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG