5 қарашада Мәскеудің Черемушкин соты Қырғызстанда туған 1989 жылғы Талант Онуровты қамауға алды. Тергеу комитеті оны "теракт жоспарлады" деп айыптап, "қылмысты мойындағанын" хабарлады. Қырғызстанның Мәскеудегі елшілігі Ресейдің құқық қорғау органдарынан Онуровтың азаматтығы туралы дерек сұраған. Әзірге оның нақты қай елдің азаматы екені белгісіз.
"Тергеу органдарының дерегінше, 2019 жылы қыркүйек айында Қырғызстанда туған Талант Онуров теракт жасау мақсатында Ресей аумағына келді. Бір ай бойы жақтастарын іздеп, әдебиеттерді оқып меңгерді, үйрететін видеороликтерді қарады, сонымен бірге белгісіз адамдарға қарсы бағытталған заңсыз әрекеттерді жүзеге асыратын орын іздеді" деді тергеу комитетінің өкілі Юлия Иванова.
Оның айтуынша, Онуров тергеу кезінде кінәсін мойындаған. Бірақ Мәскеудің нақты қай аумағында теракт әзірлемек болғанын айтқан жоқ.
Егер Онуровтың кінәсі дәлелденсе, 15 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Сот оны 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін қамауға алды.
Құпия дереккөзге сүйенген ТАСС агенттігі Онуровтың 1 қарашада ұсталғанын, оның радикалды діни ағым өкілі екенін хабарлады.
ПІКІРЛЕР