14 қарашада Грузия астанасы Тбилиси орталығында мыңдаған адам парламент ғимаратының алдына жиналып, парламент депутаттарының сайлау жүйесін реформалау туралы заң жобасын кері қайтарғанына қарсылық танытты.
Бірнеше сағат бұрын парламент депутаттары пропорционалды сайлау жүйесіне (яғни, партиялардың дауыс санына қарай орын алуы) өту туралы заң жобасын кері қайтарған еді. Азаттықтың Грузин қызметінің хабарлауынша, заң жобасына дауыс беруге 141 депутат қатысып, олардың 101-і заң жобасын қолдап дауыс берген. Бірақ заң жобасы мақұлдануы үшін 113 дауыс керек болған. Заң жобасы мақұлданбағаннан кейін сегіз депутат басқару партиясынан кеткен.
Кешке қарай оппозиция жақтастары мен белсенділер қаладағы негізгі көшені қоршап, парламент алдына жиналды. Мыңдаған адам үкіметтің отставкаға кетуін, мерзімінен бұрын сайлауды белгілеуді талап етті.
ВИДЕО: Грузия парламенті сайлау заңнамасын өзгерте алмады (14 қараша 2019 жыл, Орыс тілінде).
Маусым және шілде айынан бері мыңдаған адам пропорционалды сайлау жүйесіне көшуді талап етіп келеді. Жазда бірнеше аптаға созылған наразылық кезінде ашулы топ парламентті басып алуға тырысып, полиция оларға резеңке оқ атып, су шашты. 240-тан астам адам жараланды.
ПІКІРЛЕР